Қызылорда облысында биыл 1,3 тоннадан астам есірткі тәркіленді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында биыл заңсыз айналымнан 1,3 тоннадан астам есірткі тәркіленді.

гашиш
Фото: Полиция.кз

Қызылорда облысының полицейлері есірткі қылмысына қарсы күресті үздіксіз жүргізіп келеді. Биыл жыл басынан бері заңсыз айналымнан 1,3 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 48,9 келі марихуана, 324,9 грамм синтетикалық есірткі, 1 келі гашиш тәркіленді.

«Екі есірткі зертханасы анықталды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде меф және a-PVP синтетикалық есірткіні аса ірі мөлшерде тасымалдаудың төрт дерегі белгілі болды. Бұл бағытта Қызылорда, Ақмола және Ақтөбе облыстарының тұрғындары құрықталды. Есірткі жарнамасы бар 50-ден астам граффити жойылды. Әлеуметтік желіде мониторинг жүргізу барысында «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 141 сайт бұғатталды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада тұрғын үйге қарақшылық шабуыл жасап, екі адамды ауыр жарақаттаған күдікті сотталды.

Соңғы жаңалықтар