Қызылорда облысында биыл 25 ауылда әкім сайлауы өтеді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында биыл 25 ауылда жергілікті тұрғындар жаңа әкімін таңдайды. Ал наурыз айында шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтеді.
Қызылорда облысында кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы жоғары деңгейде жүргізілуде. Аймақта кейінгі 3 жылда 117 ауыл әкімі сайланған. Өткен жылы 38 кент және ауыл әкімінің сайлауы болды.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтановтың айтуынша, биыл 25 ауыл әкімінің өкілеттілік мерзімі аяқталады. Сол ауылдарда жаңадан әкімдер сайланады.
«Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігі енгізілген уақыттан бері аймақта халық 117 ауыл және кент әкімдеріне таңдау жасады. Сайланған әкімдердің 40 пайыздан астамы партиядан емес, өзін-өзі ұсыну мүмкіндігін пайдаланды. Биыл 25 әкімнің заң аясында өкілеттілік мерзімі аяқталады. Оның ішінде Аралда — 3, Қазалыда — 5, Қармақшыда — 7, Жалағашта — 1, Сырдарияда — 2, Шиеліде — 6, Жаңақорғанда — 1 ауыл әкімінің сайлауы өтеді. Барлық сайлау процесі ашық әрі әділеттілік принципіне сай өткізілуде. Сайлау учаскесі талапқа сай жабдықталып, комиссия мүшелері заң аясында сайлаушылардың құқығын сақтау бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр», — деді Ә.Ерсұлтанов.
Айта кетсек, 31 наурызда шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлауы өтеді. Бұл бойынша Қызылорда қаласында және Арал, Жаңақорған аудандарында сайлау ұйымдастырылады.
Еске салсақ, Қызылорда облысында өткен жылы алғаш рет пилоттық негізде Сырдария және Шиелі ауданының әкімі сайланды.