Қызылорда облысында биыл 357 адамды кене шағу жағдайы тіркелді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында биыл 357 адамды кене шағу жағдайы тіркелді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына 5 адам тексеруден өтіп, 2-уі зертханалық, клиникалық және эпидемиологиялық жолмен нақтыланды.

Шығыс Қазақстанда кене шаққан адам саны 2 мыңға жуықтады
Фото: pixabay

Қызылорда облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша қолайсыз деп танылған 115 елді мекенде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Олардың тиімділігін тексеру мәселесі тұрақты бақылауда.

«Биылғы жылдың наурыз айынан бастап зоопаразитологиялық топпен кене жинау, зерттеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Бүгінге дейін 17579 кене жиналып, 2083 сынама зерттеумен қамтылды. Оның 34-нен оң нәтиже анықталды. Жыл басынан бері 357 адам кене шағу жағдайымен медициналық көмекке жүгінген. Олардың барлығы 14 күн медициналық бақылауға алынып, көмек көрсетілді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша 5 адам тексерілді. Жаңақорған мен Шиелі аудандарында 2 науқас зертханалық, клиникалық және эпидемиологиялық жолдармен нақтыланды», - деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жаңабергенова.

Күннің жылынуына байланысты кенелердің табиғатқа шығуы белсенді бола бастайды. Далалық аймақта жұмыс жасайтын, мал және егін шаруашылығымен айналысатын адамдар үшін кене шағып, ауру жұқтырып алу қаупі арта түседі. 

«Бұл ретте сақтық шараларының қатаң орындалуы аса маңызды. Облыс тұрғындарын мал және ауыл шаруашылығымен айналысқанда арнайы жұмыс киімімен, қолғаппен жұмыс жасауды сұраймыз. Оған қоса табиғат аясына демалысқа шыққанда мейлінше дененің барлық жерін жауып тұратын, ақ түсті киім киіп, кенелердің бар-жоқтығына 1-2 сағат сайын тексеріп тұрған дұрыс. Сондай-ақ ауру белгісі анықталған бойда жедел медициналық көмекке жүгінуге кеңес береміз», - деп толықтырды департаменті басшысы.