Қызылорда облысында биыл 577 адам қызылша жұқтырды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында биыл 577 адам қызылша жұқтырды. Олардың 80 пайызға жуығы екпе алмаған. 

Қызылша
Фото: Астана әкімдігі

Облыста қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақтанып келеді. Былтыр қараша айындағы көрсеткіш 541 дерек, желтоқсан айында 474 деректі құраса, ол биыл қаңтар айында 366 жағдайға дейін төмендеді.

«Бұл ретте қосымша жаппай иммундаудың тиімділігін атап өтуге болады. Бүгінде олыста 70 мыңға жуық бала екпе алды. Жыл басынан бері қызылша 577 адамнан анықталды. Олардың 80%-ы ауруға қарсы екпе алмаған. Қызылша ауа тамшысы жолымен жедел таралады. Сондықтан ұйымдасқан ұжымдарда көптеп тіркеледі. Жыл басынан бері педагогикалық колледж студенттері арасында қызылшаның 8 дерегі анықталды. Қаулыға сәйкес науқастармен байланыста болғандар 21 күнге медициналық бақылауға алынды. Егу мәртебесі тексеріліп, көрсетілімдерге сәйкес 30 жасқа дейінгі бұрын вакцина алмаған адамдарды анықтап, екпемен қамту жүргізілуде», - деп атап өтті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жаңабергенова.

Департамент мәліметінше, қызылша аурушаңдығы бойынша карантин енгізу көзделмеген. дегенмен көпшілік шаралар өткізу, сабақтарды аудиториялық ауыстыруларды шектеуге кеңес беріледі.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында биыл 37 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды.

Соңғы жаңалықтар