Қызылорда облысында биыл бокс клубы ашылады
ҚЫЗЫЛОРДА.KAZINFORM - Бұл жөнінде облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев мәлім етті.

- Қазір боксқа арналған «Тарлан» кешенін облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының теңгеріміне алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мәселені толықтай орындап бітірдік. Жоспар сәтімен жүрсе, алдағы айда Қызылордада бокс клубы ашылады. Оның басшылығына Қамшыбек Қоңқабаевқа ұсыныс жасаймыз. Ол кісі елге қызмет жасаймын десе, қолдау болады. Одан бөлек, Құлахмет Тұрсынбай мен Руслан Сыбаевты қарастырудамыз, - деді басқарма басшысы.
Қызылорда қаласындағы «Тарлан» бокс орталығы 10 жылдан бері аты елге ғана емес, әлемге әйгілі болған шын мықтыларды тәрбиелеген орда. Бұл нысан 2015 жылы Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен ашылған болатын. Қазіргі таңда аталмыш орталық облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының теңгеріміне берілді.
Спорт кешенінде тәжірибелі бапкерлердің төрағалығымен бокс, дзюдо, таэквондо және ауыр атлетика бөлімшелерімен қатар, арнайы жаттығу залы да қамтылған.
Қазіргі уақытта бокс бөлімшесінде 120-ға жуық былғары қолғап шебері дәл осы кешенде тыңғылықты дайындығын жүргізіп жатыр. Олардың қатарында ересектер, жастар және жасөспірім ұлдар мен қыздар бар. Орталықтағы боксшыларға 16 жаттықтырушы белгіленген күндерде өз дайындығын жүргізеді.
Сондай-ақ өңірдегі басқа спорт түрлерінен жастар Дағыстан, Әзербайжан елдеріне барып шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттыруға қол жеткізіп отыр. Олар кейбір спорт түрлерінен олимпиадалық деңгейі қалыптасқан елдерде жаттығу өткізуіне жағдай жасайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Қайсар» биыл шетелдік ойыншылардан бас тартты.