Қызылорда облысында биыл интернет-алаяқтық қылмысының 199 дерегі тіркелген
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында биыл интернет-алаяқтық қылмысының 199 дерегі тіркелген. Бұл жөнінде облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Тоқтыбаев мәлім етті.

Облыс көлемінде жыл басынан бері жедел іздестіру шаралары барысында 74 қылмыстық іс бойынша күдікті адам анықталып, олардың ісі сотқа жолданды.
«Қазіргі уақытта интернет пен цифрлы технологиялардың үздіксіз дамуына байланысты интернет-алаяқтық қылмыстары қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналып отыр. Оның түрлері де күн сайын кең таралып келеді. «IT-TERGEU» интернет-алаяқтықты ашу бойынша облыс орталығында «CyberPol» жедел тергеу тобы құрылған. Прокуратураның бастамасымен «IT TERGEU» жобасы барысында интернет-алаяқтық қылмыстарын ашуға септігін тигізетін 4 аппараттық-бағдарламалар алынды. Оның көмегімен жәбірленушілерге келтірілген 200 млн теңгеден астам залал бойынша 81 қылмыс дерегі ашылды. Оған қоса 57 хабар-ошарсыз жоғалғандар анықталып, 53 қылмыскер қолға түсті», - деді Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Тоқтыбаев.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында биыл бейнекамералардың көмегімен 122 қылмыс ашылды.