Қызылорда облысында биыл қызметтік иттері көмегімен 143 қылмыс ашылды
Қызылорда облысында полиция тарапынан биіл қызметтік иттері көмегімен 143 қылмыс ашылды, деп хабарлайды Kazinform.

Қызылорда облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел шаралар жүргізді. Нәтижесінде есірткінің заңсыз айналымына қарсы қызметтік иттерді қолдану арқылы 95 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды.
Ал Криминалдық полиция саласы бойынша бөтен мүлік ұрлығы және басқа да қылмыстар бойынша 25 қылмыс нақтыланды.

«Өндірістегі қылмыстық істер бойынша тағайындалған одорологиялық зерттеулерде қызметтік иттер 41 рет қолданылып, дәлелдер ретінде тіркелді. Жарылғыш заттарды іздеу саласы бойынша 128 рет қолданылды. Биыл 1 маусым-30 қазан аралығында өткізілген «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы бойынша қойылған бекеттерде қызметтік иттердің көмегімен есірткінің заңсыз айналымына қатысты 28 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, айналымнан жалпы салмағы 28 келіден аса есірткі заттары алынды. Айта кетсек, департаменттің Кинологиялық қызмет орталығында жалпы 22 қызметтік-іздестіру иті бар. Кинолог мамандар ҚР Ішкі істер министрлігінің Кинологиялық орталығында арнайы даярлықтан өткен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордадағы көпір үстінде жүк көлігінің тіркемесі екі жеңіл көлікке соғылды.