Қызылорда облысында бір айлық сәби ТЖМ тікұшағымен ауруханаға шұғыл жеткізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қызылорда облысының Төретам кентінен бір айлық сәби шұғыл түрде Қызылорда қаласына эвакуацияланды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.
Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін кезекті санитарлық рейсті ТЖМ «Қазавиақұтқару» авиакомпаниясының тікұшақ экипажы орындады.
«Әуе кемесінің бортында экипажбен бірге баланы ертіп жүрген медицина қызметкерлері болды. Ұшқыштардың кәсібилігі мен медициналық бригаданың үйлесімді жұмысының арқасында ұшу сәтті өтті. Бала медициналық мекемеге жеткізілді және мамандардың бақылауына берілді», делінген ТЖМ баспасөз қызметінің ақпаратында.
Сондай-ақ осы күні Ақмола облысында да «Қазавиақұтқару» тікұшағының экипажы Көкшетау – Степногорск – Көкшетау бағыты бойынша санитарлық рейсті орындап, бірінші дәрежелі ауыз қуысы шырышты қабығының химиялық күйігі диагнозы қойылған төрт жасар сәбиді шұғыл түрде облыс орталығына жеткізді.
ТЖМ-нің хабарлауынша, кішкентай науқасқа мамандандырылған медициналық көмек қажет болған. Ұшқыштар мен медициналық бригаданың үйлесімді жұмысының арқасында бала емдеу мекемесіне жедел жеткізіліпті.
«Ұшуды әуе кемесінің командирі Бейбіт Смағұлов және екінші ұшқыш Шыңғыс Мәлікриянов басқарған экипаж орындады. Қазавиақұтқару тікұшақтары санитарлық авиацияның міндеттерін орындауға әрдайым дайын және елдің ең қиын қиырында да өмірді сақтап қалып жатыр», делінген ТЖМ хабарламасында.
Еске сала кетсек, өткен аптада ТЖМ санавиациясы баланы анасымен бірге шұғыл түрде Атырау қаласындағы ауруханаға жеткізді.