Қызылорда облысында бүйрек ауыстыру отасы жасалды

Қызылорда
Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасынан

Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханада бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Оны А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймахановтың басшылығымен қызылордалық дәрігерлер сәтті атқарып шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Соңғы үш жылдан бері жасанды бүйрек аппаратына тәуелді болып келген 25 жастағы науқастың енді бұрынғыдай толыққанды өмірге оралуына жол ашылды. Диализ орталығына тәуелді болудан құтылды. Сәтті ота науқасты уақыт пен тамақтануға байланысты шектеулерден босатты. Науқасқа 36 жастағы туысқан ағасы донор болуға келісімін берген. 

«Елімізде 2011 жылдан бері бүйрек және бауыр трансплатациясы кең ауқымда жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін 1 000-ға тарта ота жасалды. Оның 700-і бүйрекке қатысты болса, қалғанын бауыр трансплантациясы құрайды. Бұл – өте күрделі іс, оған әрбір дәрігер үлкен жауапкершілікпен қарайды. Тәжірибесі жоғары болуы ескеріледі. Біз облыстық көпбейінді аурухана дәрігерлерінің ұсынысын қабыл алдық. Аурухана оған қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ота төрт сағаттан астам уақытқа созылды. Жалпы, бұл өте жіті назарда болады. Барлығы алдын-ала зерттеледі», - дейді Болатбек Баймаханов.

Ем алушы облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы реципиент пен донор арасындағы генетикалық байланысты растайтын этикалық комиссиядан өткен. Комиссия құрамына заңгерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері кірді. 

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қызылорда облысында 85 трансплантацияланған науқас бар. 

Соңғы жаңалықтар