Қызылорда облысында екі адамның өліміне себепкер болған көлік жүргізушісі сотталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында жол-көлік оқиғасын жасап, екі адамның өліміне себепкер болған көлік жүргізушісі бес жылға бас бостандығынан айырылды.

сот
Фото: Kazinform

Оқиға былтыр 26 маусымда Қармақшы ауданы аумағында болды. Сотталушы «Шымкент-Самара» тас жолы бойында көлік құралын басқарып келе жатып, жолдың қарсы жүру бөлігіне шығып кеткен.

Салдарынан қарама-қарсы бағытта өз жолымен келе жатқан көлікпен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасынан қарсы бағыттағы көліктің жүргізушісі мен жолаушысы көз жұмған.

«Бұл бойынша Қармақшы аудандық сотында ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қаралды. Сот отырысында сотталушы тағылған айыпты мойындады. Жасаған іс-әрекеті үшін өкініп, марқұмның туыстарынан кешірім сұрады. Сот үкімімен ол 5 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп мәлім етті Қармақшы аудандық сотынан.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында қарыз алған танысын пышақтап өлтірген тұрғын сотталды.

 

Соңғы жаңалықтар