Қызылорда облысында екі аудан әкімі сайланды
Сайлау қорытындыларына сәйкес Қызылорда облысында екі аудан әкімі сайланды. Халықтың таңдауымен Сырдария ауданына Берік Сәрменбаев, Шиелі ауданына Нұржан Ахатов әкім қызметіне кірісті, деп хабарлайды Kazinform.
Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлы 1963жылы туған. Білімі жоғары, 1985 жылы Алматы қаласындағы архитектура - құрылыс институтын құрылыс инженері мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1985 жылы «КазТоргстрой» РСУ трестінде шебер қызметінен бастаған. 1994 жылдан бастап жауапты лауазымдарды атқарып, ҚР қаржы министрлігінің кеден басқармасында аға инспектор, «Механикаландырылған жұмыс басқармасы» ЖАҚ-да бас директордың орынбасары, Қызылорда қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы, Қызылорда қалалық жер ресурстар басқару бөлімінің бас маманы, «Казгражданстройпроект» мекемесінде бас инженер, Қызылорда қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің бастығы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» ХДП Қызылорда облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі болды. Сондай-ақ, Қармақшы ауданы әкімінің кеңесшісі, Қармақшы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, КБ «Мұнай Газ» техникалық директорының орынбасары, Қызылорда қалалық жер қатынастары мемлекеттік мекемесінің басшысы, Қызылжарма ауылдық округінің әкімі, Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары; «Мелиоратор» ЖШС-ң жоба жетекшісі, Сырдария ауданы әкімінің кеңесшісі, Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.
2022 жылдың 24 мамырында Сырдария ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалса, 2023 жылдың 12 сәуірінен бастап Сырдария ауданының әкімі болды.
Ахатов Нұржан Сәбитұлы 1978 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. Жоғары білімді. 1999 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Экономист-бухгалтер» мамандығы бойынша, 2006 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «Юриспруденция» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы Қызылорда облысының статистика жөніндегі есептеу орталығының жабдықтаушы маманы қызметінен бастаған.
2001-2008 жылдары Шиелі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы, аудан әкімінің кеңесшісі, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Ал 2008-2009 жылдары облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы, облыстық кәсіпкерлік мемлекеттік басқармасы бастығының орынбасары, 2009-2015 жылдары Шиелі аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы, Шиелі ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болды.
2015-2017 жылдары «Байқоңыр «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары, 2017-2021 жылдары «Қызылорда» автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, 2021-2022 жылдары Сырдария ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2022 жылдың сәуір айынан бастап «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.
2022 жылдың 15 шілдесінде Шиелі ауданының әкімі болып тағайындалды.