Қызылорда облысында екі ауданда әкім сайлауы өтіп жатыр
Қызылорда облысында Сырдария және Шиелі аудандарының тұрғындары бүгін әкім сайлауына қатысады, деп хабарлайды Kazinform.
Екі ауданда 70 мыңнан астам адам таңдау жасай алады. Бұл мақсатта Сырдарияда – 18, Шиеліде 40 учаскелік комиссияның 388 мүшесі жұмыс атқарады.
«Бұл аудандарда 70 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Алғаш рет дауыс беретін азаматтарға арнайы сыйлықтар ұйымдастырылады. Сайлау комиссияларының мәліметі бойынша 2 ауданда 1011 азамат алғаш рет дауыс беруге қатысады. Оның 694-ы Шиелі, 317-і Сырдария ауданында тұрады. Сондай-ақ пилоттық сайлау өтетін аудандарда 5 қараша күні 18 жасқа толатын 5 азамат бар. Олар да өз конституциялық құқығын пайдалана отырып дауыс бере алады», - деп мәлім етті облыстық сайлау комиссиясынан.
Айта кетсек, екі ауданға кандидат ретінде 6 азамат тіркелген. Олардың барлығы да жоғары білімді, мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өткен.