Қызылорда облысында Еуропадағы белгілі концерттік залдардың озық тәжірибесі енгізіледі

қызылорда
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында мәдениет саласының мамандары Италия, Беларусь елдерінде біліктілігін арттырды. Алдағы уақытта өңірдегі өнер ордаларында Еуропадағы белгілі концерттік залдардың озық тәжірибесі енгізіледі.

2022 жылдың қыркүйек айында Қызылордада 1000 келушіге арналған өнер орталығының іргетасы қаланған еді. Құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын зәулім ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі. Жақында руханият ордасы елдің игілігіне айналып, онда мәдени іс-шаралар өткізіле бастады. 

Ғимарат заманауи сәулет үлгісімен жобаланған. Жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Мың адамға арналған көрермен залы, үйірме бөлмелері жұмыс істейді. Мұнда бұрын теміржолшылар клубында қызмет көрсеткен Қызылорда облыстық филармониясы орналасады. Клубтың жылу жүйесі соңғы 15 жылдың көлемінде күрделі жөндеуден өтпеген, еденінің, электр желілерінің тозығы жеткен еді. Сондықтан Қызылорда облыстық филармониясына заманауи талаптарға сай және жаңа үлгідегі «Өнер орталығын» салу қолға алынды.

қызылорда
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Сыр өңірінің мәдениет пен өнер саласында көптеген жағымды жаңалық бар. Бұған дейін облыстық филармонияның құрамында ұлт аспаптар оркестрі, камералық оркестр жұмыс жасаса, концерттерді көрермен талғамына сай, кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну үшін тұңғыш рет симфония оркестрі құрылды. Облыстың мәдениет саласының мамандары Италия, Беларусь елдерінде біліктілігін арттырды. Алдағы уақытта өңірдің өнер ордаларында Еуропадағы белгілі концерттік залдардың озық тәжірибесі енгізілмек.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласында «Анаға тағзым» орталығы, жас отбасылардың бақыт мекеніне айналған «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады. Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар шығармашылығын шыңдап, өнерін насихаттауға арналған «Инклюзивті театр» құрылды. Бұған дейін 10 жылға жуық үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым болып өнер көрсетуде.

Елордада Астана қаласының 25 жылдығына орай «Сұлу Сырдан – ару Астанаға» атты Қызылорда облысының өнер күндері жоғары деңгейде өткізілді. Халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленген шара сәуір айында Алматы қаласында да ұйымдастырылады.

Мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында өткен жылдан бері тағайындалған «Тұран» сыйлығын табыстау дәстүрге айналады. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында «Жыраулар үйі» ашылады. Облыстық өлкетану музейінің құрылысы басталды. Жеті ауданда заманауи «Руханият орталықтары» салынуда. Жақын күндері балалар мен жасөспірімдерді өнерге баулып, шығармашылығын шыңдайтын «Шығармашылық академиясы» бой көтереді.

қызылорда
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Осындай игілікті істерге байланысты халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының «Үздік мәдени өңір» номинациясына Сыр өңірі лайық деп жарияланды. Оны ұйымның бас хатшысы Сұлтан Раев марапатты облыс әкіміне табыстады.

Ерекше атап өтетін жайт, бұл номинация ТҮРКСОЙ»шеңберінде екі адамға ғана берілген. Оның бірі «Нобель» сыйлығының иегеріне, ал екіншісі танымал әнші Димаш Құдайбергенге табысталған. Үшіншісі түркі руханиятының алтын қазығы қағылған Сыр өңіріне келді. Символикада алтын жалатылған пырақ бейнеленген.

Аймақ басшысының бастамасымен айтулы мерекелерде еліміздің, туған жердің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына айрықша еңбек сіңірген тұлғаларға «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы табысталып келеді. Бұл дәстүр бүгін де жалғасын тауып, құрметті атақ белгілі композитор Рамазан Таймановқа берілді.

Сондай-ақ, Сыр өңірінің руханияты мен өнеріне ерекше үлес қосқан мәдениет майталмандары облыстың ең жоғары наградасы – Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар