Қызылорда облысында газ құбырын ұрлаған екі адам ұсталды

Қызылорда облысында мекемеге тиесілі 54 дана газ құбырын ұрлап, 5 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірген екі адам ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.

қызылорда
Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

Шиелі аудандық полиция бөліміне ұрлық жөнінде арыз түскен. Белгісіз біреулер мекемеге тиесілі 3 метрден кесілген 54 дана газ құбырларын ұрлап кеткен.

«Мекемеге жалпы 5 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілді. Жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде аталған қылмысқа қатысы бар екі күдікті азамат ұсталды. Ұрлық жасаған аудан тұрғындары болып шықты. Ұрланған құбырлар заттай дәлелдеме ретінде алынды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен (ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың облыс аумағында болған осы тектес басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. 

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тарифтерінен негізсіз шығындар алынып тасталды. 

Соңғы жаңалықтар