Қызылорда облысында интернет алаяқтықтың 49,8%-ы ашылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — 2026 жылдың 10 айында Қызылорда облысында 457 интернет алаяқтық қылмысы тіркелді.
Көрсеткіш былтырғыдан 12,6% төмендеді.
— Қылмыстың 49,8%-ы ашылып, былтырғыдан 6,1%-ға жақсарды. Қылмыстық кодекстің 232-бабының 1-бөлігі бойынша дроперлерге қатысты 26 қылмыстық іс тіркеліп, 16-сы сотқа жолданды. Интернет мониторингі нәтижесінде заңға қайшы белгілері бар 1361 сайт пен сілтеме анықталып, бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне енгізілді, — деді облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бөлім бастығы Айдос Ақбаев.
Интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде материалдар жарияланып, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.Әлеуметтік желілерде арнайы бейнероликтер жарияланып, дропперлерге қатысты заң нормалары кеңінен түсіндіріліп келеді. Мемлекеттік және жеке ұйымдарда жүйелі түрде профилактикалық лекциялар оқылады. Мұндай іс-шараларға «Әділет» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты филиалының волонтерлері тартылған.
Тәртіп сақшылары қылмыстың 70%-ы SMS-код айтудан басталатынын қаперге салды.
— Алаяқтар алдымен SMS код жіберіп, кейін түрлі сылтаумен қоңырау шалып, сол кодты айтқызады. Артынша өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, «сіздің атыңыздан несие рәсімделіп жатыр» деп қорқытады. Сөйтіп, жәбірленушіні бірнеше банктен несие алуға итермелейді. SMS кодты айту арқылы несие рәсімделмейді, ал қорқыту — алаяқтардың арбау тәсілі, — деді департамент өкілі.
Еске салайық, Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың шамамен әрбір 3 дерегінің екеуі ұйымдардың атынан жасалған жалған қоңыраулармен байланысты.