СҚО-да полицейлер интернет алаяқтықтың кең тараған 6 тәсілін айтты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың шамамен әрбір 3 дерегінің екеуі ұйымдардың атынан жасалған жалған қоңыраулармен байланысты.
СҚО-да полицейлер тұрғындарды алаяқтардың айла-тәсілдерінен ескерту үшін ерекше әдісті қолдана бастады. Профилактикалық акция аясында робот-ит Петропавлдағы сауда-ойын-сауық орталықтарында, әуежай мен теміржол вокзалында тұрғындардың назарын аударды.
Оның көмегімен полицейлер интернет-алаяқтықтан сақтану жолдарын еске салды.
СҚО Полиция департаментінің мәліметінше, биылғы 10 айда өңірде 443 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Соның 302-сі аурухана, ұялы байланыс операторлары, коммуналдық қызметтер және басқа да ұйымдардың атынан жасалған жалған қоңырауларға қатысты.
Алаяқтар телефон шалып, SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Кейін өзін банк немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған басқа адам қоңырау шалып, әлгі код арқылы біреулердің оның атына несие рәсімдеп жатқанын айтады. Қаражатты қорғау үшін екінші несие рәсімдеп, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудару қажеттігін жеткізеді. Алайда мұндай шот алаяқтардың бақылауында болады.
Екінші тәсіл — интернеттегі жалған хабарландырулар. Алаяқтар тауарлар мен қызметтерді нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан ұсынады. Сатып алушыны қызықтырып, алдын ала төлем жасауды талап етеді. Ақша аударылғаннан кейін сатушы байланысты үзеді.
Үшінші тәсіл — танымал интернет-дүкендердің жалған сайттары. Сыртқы көрінісі мен атауы түпнұсқадан айнымайтын көшірме сайттар жасалады. Олардың веб-мекенжайы ғана бір таңбамен ерекшеленуі мүмкін. Мұндай ресурстар арқылы тапсырыс берген адамның ақшасы алаяқтарға түседі.
Төртінші тәсіл — таныстардың атынан ақша сұрау. Мессенджерлерде алаяқтар аккаунтты бұзып, оның атынан шұғыл түрде ақша аударуды өтінеді. Сондықтан ақша жібермес бұрын сол адамға телефон соғып, өтініштің рас-өтірігін анықтаған жөн.
Бесінші тәсіл — дауыс беру сылтауымен вирус тарату. Алаяқтар ата-аналарға хабарласып, белгілі бір байқауға қатысып жатқан балаға дауыс беруді сұрайды. Хабарламадағы сілтемеге өткен жағдайда телефонға зиянды бағдарлама енуі мүмкін. Ол құрылғыдағы жеке деректерге қол жеткізіп, банк шоттарындағы ақшаны ұрлауға мүмкіндік береді.
Алтыншы тәсіл — жалған инвестиция. Азаматтарға биржада сауда жасау, инвестиция салу арқылы аз уақыт ішінде мол табыс табуға уәде беріледі. Жыл басынан бері өңірде осындай 22 дерек тіркелген. Саны жағынан соңғы орында тұрғанымен, келтірілетін шығын көлемі өте үлкен. Кейбір жағдайда азаматтар ондаған миллион теңгесінен айырылған.
— Полиция азаматтардың назарын аудару және интернетте қауіпсіздік қағидаларын еске салу мақсатында интернет-алаяқтықтың алдын алудың түрлі тәсілдерін қолданады. Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыс өз нәтижесін беріп жатыр. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда интернет-алаяқтық деректерінің саны 29,9%-ға азайды, — дейді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов.
Полицейлер бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды айтпауға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, алдын ала төлем жасамас бұрын сатушыны тексеруге және инвестиция туралы ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады.
Бұған дейін Павлодарда интернет арқылы жұртты 40 млн теңгеге алдаған алаяқтар тобы ұсталғанын жазған едік.