Павлодарда интернет арқылы жұртты 40 млн теңгеге алдаған алаяқтар тобы ұсталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында интернет-алаяқтықтың бірнеше дерегіне қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталды. Тергеу барысында тоғыз жәбірленуші анықталды.

Павлодарда интернет арқылы жұртты 40 млн теңгеге алдаған алаяқтар тобы ұсталды
Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Тұрғындарға келтірілген жалпы шығын көлемі 40 млн теңгеге жуықтаған. Күдіктілер ақпараттық технологияларды пайдаланып, азаматтардың ақшасын иемденуге бағытталған келісілген схема бойынша әрекет еткен.

— Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде интернет-алаяқтықпен айналысқан адамдар тобының заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды. Төрт күдікті ұсталды. Бүгінде тергеу барысында тоғыз жәбірленуші анықталды. Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы шамамен — 40 млн теңге, — дейді өңірлік полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.

Құзырлы органның мәліметінше, қылмыс эпизодтары мен жәбірленушілер саны әлі де артуы мүмкін. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары күдіктілердің әрқайсысының қылмыстық схемадағы рөлін, сондай-ақ олардың осыған ұқсас басқа да құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.

Еске сала кетейік, Павлодарда полицейлер қала тұрғынының 2 млн теңгесін алаяқтардан сақтап қалды.