Павлодарда полицейлер қала тұрғынының 2 млн теңгесін алаяқтардан сақтап қалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыс орталығында патрульдік полиция қызметкерлері интернет-алаяқтардың арбауына түскен тұрғынның 2 млн теңгені аударуына жол бермеді.
Өңірлік полиция департаментінің дерегінше, полиция батальонының қызметкерлері көшені патрульдеу кезінде жылап келе жатқан қызды байқап, мән-жай сұрасады. Қала тұрғыны белгісіз адамдардың талабымен 2 млн теңгені банк шотына аударуға бара жатқанын айтқан.
Капитан Дархан Мақажанов пен капитан Еламан Кәрімов қызбен сөйлесе келе, оның алаяқтардың ықпалына түскенін анықтайды.
- Жәбірленушінің айтуынша, алдымен белгісіз адам телефон шалып, SIM-картаның қолданылу мерзімін ұзарту үшін SMS-кодты жіберуді сұраған. Кейін оның нөмірі арқылы екі шот ашылып, сол шоттарға алаяқтық жолмен ақша аударылып жатқаны айтылған. Бұдан соң қоңырау шалушылар қызға жинаған қаражатының заңды екенін дәлелдеуді талап еткен. Болман жағдайда бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтып қорқытқан, - деп мәлімдеді департаменттен.
Психологиялық қысымға ұшыраған тұрғын үйінен шығып, барлық жинаған ақшасын белгісіз адамдар көрсеткен шотқа аудармақ болған.
Полицейлер дереу тексеру жүргізіп, банк ұйымдарымен байланысқан. Нәтижесінде қыздың атына ешқандай кредиттік міндеттеме рәсімделмегені анықталды. Сонымен қатар құқық қорғау қызметкерлері оның келісімімен eGov Mobile қосымшасы арқылы «Стоп-кредит» қызметін қосуға көмектесті.
Полиция департаментінің мәліметінше, өңірде интернет-алаяқтықтың 1337 фактісі тіркелген.
«Anti-fraud» және «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында SIM-карталарды заңсыз іске қосумен және ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан адамдар ұсталды. Заңсыз айналымнан 120-дан астам мобильді құрылғы, 500 абоненттік SIM-карта, 39 банк картасы және екі SIM-box құрылғысы тәркіленді.
Жалпы, интернет-алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 33 адам ұсталды. Олардың үшеуі – кәмелетке толмағандар.
Полиция күмәнді шоттарға ақша аудармауға және алаяқтық белгілері байқалған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.
Еске сала кетейік, алаяқтар қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақшаға айналдыруды ұсына бастады.