Қызылорда облысында кене шаққан 108 адам дәрігер көмегіне жүгінді

кене
Фото: pexels.com

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында биыл 108 адам кене шағу жағдайымен дәрігерлер көмегіне жүгінді. Ал Қырым-Конго қанды безгегі бойынша 2 жағдай анықталып, оның біреуі зертханалық жолмен нақтыланды.

Облыста биыл кенелер көбірек байқалған 115 елді мекен қолайсыз деп танылды. Өткен айдың алғашқы он күндігінде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды. Бұған байланысты бірінші кезеңі Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында аяқталды. Енді әрі қарай Сырдария ауданында жалғасып жатыр.

Кенеге қарсы улау жұмыстары басталғаны жөнінде облыс тұрғындарының ұялы телефон нөмірлеріне байланыс операторлары арқылы SMS-хабарламалар жолданды. Бұл бастама Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп биыл іске қосылды. Кенеге қарсы залалсыздандыру шараларының сапасы мен тиімділігін бақылайтын арнайы жұмыс топтары құрылды. Құрамында жергілікті атқарушы орган өкілдері, зоолог-энтомологтар, эпидемиологтар бар.

«Еліміздің оңтүстік бөлігінде орналасқан Шымкент қаласы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша табиғи ошақтар екені белгілі. Оған аталған өңірлердің климаттық жағдайы қолайлы болуы – басты себеп. Наурыз айынан бастап зоопаразитологиялық топпен кене жинау, зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 11 979 дана кене жиналып, 1331 сынама зерттеумен қамтылды. Олардың арасында 13-де оң нәтиже анықталды. Атап айтқанда, Жаңақорғанда 6, Шиелі 4, Жалағаш 1, Қызылордада 2 жағдай кездесті. Жыл басынан бері 108 адам кене шағу жағдайымен медициналық көмекке жүгінді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына 2 күдікті жағдай анықталып, 1 дерек зертханалық жолмен нақтыланды», - деді облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Еске салсақ, Қызылорда облысында қызылша жұқтырған тұрғындары саны көбейген.

Соңғы жаңалықтар