Қызылорда облысында қыркүйекте аудан әкімінің сайлауы өтеді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы Шиелі ауданында 15 қыркүйекте әкім сайлауы өтеді. Бұл саяси шара ауданның бұрынғы әкімінің өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты қолға алынып отыр.
Шиеліде 50 716 сайлаушы тіркелген. Ауданда 40 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Онда 272 учаскелік комиссия мүшесі қызмет атқарады.
«ҚР Сайлау туралы Конституциялық заңына сәйкес аудан әкімінің сайлауын өткізудің күнтізбелік жоспары бекітілген. Аудан әкіміне үміткер азаматтар ұсыным құжатын 21 тамызда сағат 18.00-ге дейін аудандық сайлау комиссиясына өткізуі керек. Ал кандидаттарды тіркеу 23 тамыз күні сағат 18.00-де аяқталады. Кандидаттар үшін үгіт кезеңі 23 тамыз сағат 18.01-ден 14 қыркүйек күні сағат 00.00-де дейін белгіленген. Ал 14 қыркүйек тыныштық күні, 15 қыркүйек дауыс беру күні болып бекітілген. Кандидаттар саяси партия және өзін-өзі ұсыну жолымен үміткер бола алады», - деп атап өтті облыстық сайлау комиссиясынан.
Айта кетсек, Қызылорда облысында кент және ауылдық округ әкімдерінің де сайлауы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 2 кент және 15 ауылдық округте тұрғындар өз таңдауын жасады.
Еске салсақ, Шиелі ауданының бұрынғы әкімі Нұржан Ахатов Қызылорда қаласының әкімі қызметіне тағайындалған еді.