Қызылорда облысында қос азаматтығы бар ресейлік әйел анықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында ресейлік әйел қос азаматтығы болғаны үшін айыппұл арқалады.
Жыл басынан бері Қызылорда облысы бойынша ҚР көші-қон заңнамасын бұзған 78 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде сот шешімі бойынша 6 шетелдік елден тысқары шығарылды.
«Қос азаматтығы бар 1 адам анықталып, оған қатысты тиісті шара қабылданды. Атап айтқанда, Қызылорда қаласы көші-қон бөлімінің қызметкерлері тексеру барысында ҚР азаматтығы туралы заңнамасын бұзған құқық бұзушыны анықтады. Ресей Федерациясының 40 жастағы азаматшасына қатысты ҚР заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Ведомство мәліметінше сот шешімімен азаматша 516 880 теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұл түрінде жауапкершілікке тартылған.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында екі адамның өліміне себепкер болған көлік жүргізушісі сотталды.