Қызылорда облысында Наурыз мейрамы аясында 700-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында 14-23 наурыз аралығында Наурыз мейрамын кең көлемде насихаттауға арналған 700-ге жуық мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылады. Мерекелік шаралар бүгін, 14 наурызда Амал күні күні мәрекесімен басталды.

Қызылорда облысының әкімдігі
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

«Амал мерекесіне орай «Амал келді, Жыл келді» атты мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылады. Сондай-ақ ерікті жастар қарттар үйінде ардагерлерді құттықтап, құрмет көрсетеді. Одан кейін «Наурыз-Думан» тақырыбында этно-мәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен перфоманс өткізіледі. Наурыз мейрамын атап өтудің жаңа тұжырымдамасына сәйкес, 73 тармақтан тұратын облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Мерекені жоғары деңгейде атап өту мақсатында ұйымдастыру-дайындық шаралары қарқынды жүруде. Мерекелік шаралар асындағы әр күннің өз атауы бар. Бүгін Амал күні болса, 15-і «Қайырымдылық күні» деп білгелінген. Бұл күні көп балалы отбасы, еңбек адамдары, қоғам белсенділері, ардагерлер және тағы басқа азаматтарға арнап ауызашар беріледі. Бұған қоса, «Шарапатты Рамазан» атты ауызашар қоржынын тарату шарасы да ұйымдастырылмақ», - деді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов.

Сондай-ақ, аймақтағы әлеуметтік аз қамтылған 2 300 отбасыға қайырымдылық көмек беріледі. Ал 16 наурыз «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» 17-і «Шаңырақ», 18-і «Ұлттық киім», 19-ы «Жаңару», 20-ы наурыз «Ұлттық спорт», 21-і «Ынтымақ» күні деп белгіленген. Ал 22 наурыз «Жыл басы» болып бекітіліп, облыстың барлық аумағында бұқаралық іс-шаралар, мерекелік театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарлама, ұлттық спорт сайыстары өтеді деп жоспарланған.

Қызылорда облысының әкімдігі
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Айта кетерлігі, 14-23 наурыз аралығында облыстың мәдениет ұйымдарында Наурыз мейрамын кең көлемде насихаттауға арналған 700-ге жуық мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылмақ.

«Наурыз мейрамын кең көлемде атап өту үшін облыс көлемінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, облыс кітапханалары мен музейлерінде ашық есік күндері, тақырыптық көрмелер өтеді. Сондай-ақ, музейге келушілер этнографиялық залдарда салт-дәстүрмен жақын танысуға мүмкіндік алады. Ал, 16 наурызда С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, креатив суретші Дәулет Тойшыбаевтың «Кілем арт» атты заманауи кілем бетіне сурет салу өнер көрмесі мен «Анаға тағзым» орталығында қазақтың салт-дәстүрінен арнайы рәсімдер өтеді. Сондай-ақ, «Ақмешіт» музейі филиалында «Ұлы даланың ұлық мерекесі» атты мерекелік шара, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында балалар қойылымы және барлық мәдениет ұйымдарында ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған іс-шаралар, мәдениет үйлері мен клубтарда ұлттық фильмдердің көрсетілімдері өткізіледі. 18 наурыз – Ұлттық киім күнінде «Анаға тағзым» орталығында «Этно Fashion» ұлттық киімдерден сән үлгісі фестивалі ұйымдастырылса, «Отбасы орталығында» ұлттық киімдер дефильесі өтеді. Айта кетейік, әлеуметтік желілерде ұлттық киімдерді дәріптеу үшін арнайы челлендж ұйымдастырылады. Ал 22 наурызда Өнер орталығының алдында «Руханият ауылы» ұйымдастырылып, онда киіз үйлер тігіліп, креативті қолөнер шеберлерінің сауда көрмелері, музей, кітапхана, архив салалары бойынша тақырыптық көрмелер, ұлттық киімдерден дефиле, салт-дәстүрлерден көріністер, жыршы-жыраулардың, дәстүрлі орындаушылардың концерті өтеді, - деді.

Айта кетейік, биыл Байқоңыр қаласында мемлекеттік және ұлттық мерекелерді өткізу бойынша негізгі іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Осыған сәйкес, 23 наурыз күні Байқоңыр қаласында өтетін Наурыз мерекесінде облыстық филармонияның концерті ұйымдастырылады. Қызылорда қаласы әкімдігі тарапынан 150-ге жуық мерекелік, спорттық және мәдени іс-шаралар өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар