Қызылорда облысында іргелес елдімекендерге ортақ қоқыс полигоны салына бастады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл 6 айда Қызылорда облысында 152 340 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналса, соның 52 935 тоннасы немесе тек 35%-ы өңделді.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 17 кәсіпкерлік субъектісі қалдықты жинау, тасымалдау, сұрыптап, өңдеумен айналысады.
— 140 елдімекенде полигон қызметі үшін 402 гектар жер учаскелері белгіленген. Оның 7-іне экологиялық, санитарлық рұқсат құжаты алынған. Бұл — полигондардың небәрі 5%-ы. Қоқысты басқару мәселесін тиімді шешу жолы ретінде біз бір-біріне жақын орналасқан ауылдық елдімекендер үшін ортақ бір полигоннан салуды бастадық. Осы ретте Сырдария ауданының орталығында жаңадан нысан салынды. Ол жалғыз Тереңөзек кентіне емес, Тоқмағамбетов, Қалжан ахун, Сейфуллин сияқты іргелес ауылдарға да арналған, — деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Қайрат Жансұлтанұлы.
Экономикалық жағынан тиімді әдіс алдағы уақытта облыстың барлық ауданына қолданылмақ.
Бүгінде облыста тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптау, өңдеу бағытында 99 млрд 259 млн теңгеге 10 жоба жүзеге асырылып жатыр.
— Наурыз айында Жаңақорған ауданында сұрыптау кешені іске қосылды. Арал, Қазалы және Жалағаш аудандарында осындай жобаның екінші кезеңі мақұлданды. Олар да қаржыландырылады. Қызылорда қаласындағы Оңтүстік Корея технологиясы бойынша қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату, пластик қалдықты өңдеу жобаларын инвесторлар жүзеге асырмақ. Макулатура мен картон қалдығын қайта өңдеп, дәретхана қағазын шығаратын зауыт жыл аяғына дейін іске қосылады, — деді басқарма өкілі.
Бұған дейін біз Шығыс Қазақстан облысында туристер жиі баратын төрт ауданда қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон әлі күнге дейін салынбағанын жаздық.