Қызылорда облысында соғымды қаншаға сатып алуға болады
Қызылорда жұртшылығы қыстың төбесі көрінгеннен соғым мәселесіне көңіл бөледі. Алайда еттің бағасы екінің біріне оңай соқпай тұрған жайы бар. Кейінгі жылдарда оған байланысты бағаның біршама өскенін аңғару қиын емес. Оған себеп те баршылық. Ауа райының жағдайымен жем-шөп мәселесі де қиындық алып келеді. Ол ет бағасының қымбаттауына итермелейді. Kazinform тілшісі осы орайда аталған тақырыпқа байланысты зерттеу жүргізіп көрді.

Тұрғындар қалтасына қарайды
Облыс орталығында ет және ет өнімдерін сататын бірнеше сауда орны бар. Жұртшылық арасында «Ескі базар» аталатын аумақта олардың басым бөлігі орналасқан. Біз барған сәтте онда келушілер саны аз екенін аңғардық. Сатушылар да сауданың бұрынғыдай емес екенін алға тартты. Өйткені еттің бағасына екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні анық. Бұл жағдай саудаға да кері әсерін тигізген. Сол себепті сатушылар әрбір келген адамға өзінің өнімін жарнамалап, пайда тауып қалғанды дұрыс көреді.
Сыр өңірінде жұртшылық негізінен жылқы етіне үлкен сұраныс танытып жатады. Әрине, тұрғындар аталған өнімнің дәмі ерекше болатынын жасырмайды. Одан қалды, қалта көтерсе, қазы мен қартаның дәмі ауыздан кете қоймайтынын біледі. Сондықтан болар, өзгесіне қарағанда жылқы етінің бағасы қымбаттау. Тұтынушы жылқы етінің келісін 2500 теңгеге сатып ала алады. Ад сиыр еті – 2200, қой еті – 2400 теңгеден саудаланады. Ал түйе еті базарда көп сатыла бермейді. Оны жеке адамдардың қолынан 2000-2200 теңгеге сатып алуға мүмкіндік бар.
«Шынын айтқанда, етті молынан сатып алатын тұрғындар сиреп қалды. Ет өнімдерінің үстінен аз-маз ақша қосып сатамыз. Мына сауда орнынан сатып алған орынға да ақша төлейміз. Айналып келгенде, осының барлығы еттің бағасына әсер еткені анық. Ал кейбір мал бордақылаумен айналысып жүрген азаматтар оны бір-екі айға қарызға беріп жатады. Азаматтардың ренішін де естіп жатамыз. Барлығын базар нарқы белгілейтінін ұмытпайық», - деді сатушы Нұрман Асанов.
Ал қала тұрғыны Нәзира Байғабылованың айтуынша, халық ет бағасы қымбаттағаннан кейін оны аз тұтынуға көшкенін жасырған жоқ. Себебі жіліктеп ет алған жағдайда оған 50-60 мың теңге жұмсауға мәжбүр. Сол себепті кейбір азаматтар малдың ішек-қарны, бауыр-бүйрегі, бас-сирағын сатып алуға ыңғай танытады. Олардың бағасы етке қарағанда қалта көтерерлік. Санамалап айтсақ, келіге шаққанда бауыр мен іш май – 1000, қарын – 900, ішек-қарын –350, сирақ – 750, жүрек – 1500, картаның келісі 1200 теңгеден саудаланып жатыр.
Бордақы мал алған тиімді ме?
Қалтасы көтерген адам мал базарына баруға ниет танытады. Кейде екі-үш адам бірігіп, жылқы және ірі қара сойып алғанды қолайлы көреді. Алайда базардағы мал бағасы арзан емес екенін аңғардық.
Келушілер жылқы малын 370-550, жабағыны – 180-200, қой мен ешкіні – 45-60, ірі қараны – 240-350 мың теңге аралығында сатып алады. Соғым науқаны жақындап келе жатқандықтан баға қырық құбылып тұрған жайы бар.
«Негізінде мал бордақылап жүрген азаматтар қолдағысын базарға шығара бермейді. Сондықтан соғымға мал іздеген жағдайда сондай кісілерді жағалауға тура келеді. Байлаулы тұрған мал базардағыдан біршама жоғары. Себебі олардың қоңы өте жақсы. Ал кейбір тұрғындар базардан арзанға мал алып, оны бордақылап, кейіннен үстіне қосып сатып жатады. Ендігі бірі асығыс сатып тұрған кісілерден малды арзан алады. Сол базардың өзінде үстіне 40-50 мың теңге қосады», - деді қызылордалық Қайрат Файзуллаұлы.
Жем-шөптің бағасы қымбат
Қызылорда облысында шаруалар жем-шөп мәселесіне байланысты біраз қиындық көріп жүргенін айтады. Өйткені шөп дайындаудың өзі оларға қиындық келтіріп отыр. Жоңышқаның өзін өсіру арзанға түспейді. Оны оруға да техника мен жанармай қажет. Айналып келгенде, ол жоңышқа бағасының біршама қымбаттауына алып келді.
«Биыл жем-шөп бағасы біршама қымбат. Жоңышқаны егіншілер 800-1000 теңгеге сатады. Ал бір келі жемнің бағасы – 90-100 теңге. Ал базарда мал бағасы арзандап кеткен. Былтыр бұзаулы сиыр 300 мың теңге тұрса, қазір 220-250 мың теңгеден аспайды. Бұл төрт түлік өсірумен айналысатын шаруа адамына едәуір салмақ болып тұр. Мен Қызылорда қаласына қарасты Маханбетов ауылында шаруа қожалығында сиыр, жылқы өсірумен айналысамын. Жердің жұтаң болуына байланысты қыр беткейге көшіп келдік. Соңғы үш-төрт жылдан бері құрғақшылық байқалады. Жауын-шашын аз. Содан бері қыста да ауыл маңындағы қорамызға қайтқан жоқпыз. Биыл да көктемде жауын-шашын аз жауды. Алдымызда қыс келе жатыр. Мал күйі болсын деген ниетпен несие алуға мәжбүрміз. Шамамыз келгенше шөп жинап жатырмыз», - деді «Нұр Береке М» шаруа қожалығының басшысы Мақсат Ақмырзаев.
Қалай болғанда да, нарық бағасы оңай болып тұрған жоқ. Бұл жөнінен ешкімді жазғыра алмайсың. Шаруа адамы қаншама шығын жұмсаған малын арзанға бере алмайды. Ал тұрғындар ет бағасының қалтаға олқы соқпағанын қалайды.