Қызылорда облысының әкімі түзеу мекемесінің өндірістік аймағымен танысты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Аймақтағы №60 мекемесінде 901 сотталушының 821-і жұмысқа жарамды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімдігі жариялады.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс прокуроры Р. Ожаровпен бірге қылмыстық атқару жүйесі департаменті №60 мекемесінің жұмысымен танысты.
Мекеменің өндірістік аймағында 17 серіктестік бар. Жеке кәсіпкерлердің қолдауымен 300-ге жуық сотталушы жұмыспен қамтылған. Негізгі бағыттары — темір бұйымдарын өндіру, ағаш өнімдерін (астау, табақ, домбыра, сандық, есік) дайындау, газоблок, пескоблок, брусчатка, күйдірілген кірпіш шығару.
Арнайы контингентті еңбекпен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында №60 мекеме аумағындағы бос жер учаскесіне тез тұрғызылатын модульдік өнеркәсіптік ангар салу мәселесі көтерілді.
Жеке кәсіпкерлердің біріне Қызылорда облысы прокуратурасы, ҚАЖ департаментінің қолдауымен, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және республикалық инновациялық орталықтың бағдарламасы аясында қайтарымды несие рәсімделді. Бұл қаражатқа брусчатка өндіретін қондырғы орнатылып, 15 сотталушы жұмыспен қамтылды.
Тағы бір серіктестікке өндірістік аймақтан үй-жай беріліп, 20 тігін машинасы орнатылды. Онда 20 сотталушы тұрақты жұмысқа тартылды.
Сонымен қатар бас бостандығынан айырылғандар түйеқұс, күркетауық және басқа да құстарды өсіріп, баптаумен айналысады.
Бұған дейін аймақта IV Ұлттық қайырымдылық конференциясы өтті.