«Қызылорда-Жезқазған» автожолында аспаптық тексеру барысында 35 ақау анықталды

жол
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - «Қызылорда-Жезқазған» автожолына аспаптық тексеру барысында 35 ақау, зертханалық сынама қорытындысымен 9 кемшілік анықталды.

Бұл бағытта «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалы тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде анықталған барлық кемшілік қалпына келтірілді.

Бүгінде «Қызылорда-Жезқазған» автожолының Қызылорда облысына тиесілі аумағында жаңғырту жұмыстары қайта жанданды. Еліміздің орталығы мен оңтүстігін жалғайтын күре жолдың бүгінде 83 шақырымына асфальт жабындысы төселген. Облыс аумағындағы 216 шақырым автожолдың құрылысы 6 учаскеге бөлініп, мердігер мекемелер тарапынан жоспарға сай жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 

жол
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалы

«Қысқы мезгілде инертті материалдарды учаске басына жеткізу жұмыстары ұдайы жүргізілді. Қазіргі уақытта 5 лотта 24-216 шақырым аралығында жер, айналма жол салу, жасанды құрылғы орнату секілді жұмыстар қолға алынды. Сондай-ақ, су өткізгіш құралдар, мал өткелі, жолдың жиегін нығайтуға мән беріліп отыр», – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалы мамандары автотрасса құрылысы сапасын ұдайы бақылап отыр. Былтыр жылжымалы зертхана арқылы 202 нысанға тексеру жүргізіліп, құрылыс материалдарынан 611 сынама алынды. Нәтижесінде 44 кемшілік анықталып, тапсырыс беруші мен мердігер мекемелерге олқылықтарды қалпына келтіруге ұсыныс берілген.

«Қызылорда-Жезқазған» автожолына аспаптық тексеру барысында 35, зертханалық сынама қорытындысымен 9 кемшілік анықталды. Қазір барлық ақау талапқа сай қалпына келтірілді. Күре жолды жаңғырту салалық министрліктің тұрақты бақылауында тұр», - деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалының директоры Ерболат Көштаев.

Автотрасса құрылысында барлығы 750 адам еңбекпен қамтылған. Қызылорда облысына тиесілі 216 шақырымды құрайтын күре жол жоспар бойынша 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Бұған дейін Қызылорда облысында медицина саласында ауқымды жобалар жүзеге асып жатқанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар