«Қызылорда-Жезқазған» жолы: Қызылордадағы 140 шақырымға жуық бөлігі пайдалануға беріледі
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Еліміздің оңтүстік және солтүстік бөлігін жалғайтын «Қызылорда-Жезқазған» жолында қызу қарбалас тірлік көрініс еріп отыр. Қызылорда облысы аумағындағы 192 шақырым бөлігінің 140 шақырымға жуығы биыл пайдалануға беріледі.
Аталған жоба 2020 жылы басталды. Оған 72,7 млрд теңге қаржы қаралған. Жасалатын жұмыс көлемі бес лотқа бөлініп, бұл бойынша қытайлық және қазақстандық «Қыран» ЖШС жол салу ісін жүргізді.
ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті Ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы Нұртілек Хасеновтің айтуынша, жоба бойынша күре жолдың Қызылорда облысы бойынша бөлігін 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта мердігер компаниялар жолды абаттандыру, асфальт төсеу секілді жұмыстарды жүргізіп жатыр.
«Бұл аралықта жүрген жолаушылар қаншама қиындыққа кезіккенін жақсы білеміз. Ешқандай талапқа сай келмейтін жол бойында көліктер талай мәрте балшыққа батып, өзге де келеңсіз жағдайлар болды. Өздеріңіз көргендей, енді таспадай тізілген тас жол көлік қатынасын жақсартып, жолаушыларға қолайлы жағдай туғызады. Күре жолдың Қызылорда облысындағы бөлігінде бес компанияда 700-ден астам еңбек етті. Жол салу жұмыстарына 400-ден астам техника жұмылдырылған. Алдағы жылы жолдың қалған бөлігін салуды жоспарлап отырмыз. Қазір қиыршық тасты-мастикалық полимер асфальт-бетон жол қоспасын төсеу қалып тұр. Оның өзі 130 шақырымға дейін төселіп бітті», — деді ол.
Жұмыс барысында жол сапасына баса назар аударылып отыр. Бұл бағытта тиісті қадағалау органдар тарапынан тиісті іс-шараларды қолға алынған.
«Келісім-шарт талабына сәйкес мердігерлер бес жыл мерзімге кепілдік береді. Жол сапасының жоғары болуына көңіл бөлінді. Өйткені, сол уақыт ішінде жолдан қандай да бір ақау табылса, оны мердігер өзінің есебінен жабады. Ал Ұлытау облысы жағындағы 208 шақырымы бойынша қайта жаңғырту 2025 жылы басталады деп күтіледі. Ұзындығы 400 шақырымды құрайтын „Қызылорда- Жезқазған“ жолы 2027 жылы толықтай елдің игілігіне айналмақ», — деді ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК-ның бас директоры Болатбек Айтбаев.
Жолдың сапасын алдымен мергдігерлердің зертханасы тексереді. Сондай-ақ әлемдік қаржы институттарының талабына сәйкес жұмыс жасайтын халықаралық инженерлер де сапа мәселесіне назар аударады. Оған қоса «Жол активтерінің ұлттық сапа» орталығының Қызылорда облыстық филиалы да тиісті талаптарды жіті қадағалап отыр.
«Қазавтожол» ҰК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар жол салу барысында бекітілген кестеге сәйкес жұмыс жүргізілген атап өтті.
«Алдағы уақытта күре жол оңтүстік өңірдегі тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына өз ықпалын тигізеді. Алғашқы кезекте жолаушылар қатынасты жақсарады. Жолды салу барысында бұл аумақта 6 асфальт зауыты құрылды. Осы күнге дейін жолдың бірқатар аумағында көлік қозғалысы ұйымдастырылды. Алдағы айдың аяғына дейін тағы 90 шақырымы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қалған 50 шақырымы алдағы жылдың аяғына дейін аяқтаймыз деген жоспарымыз бар», — деді Ерсайын Мұзафар.