«Қызылорда-Жезқазған» жолы Сыр өңірі мен Сарыарқаны жалғайды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Ендігі кезекте Сыр өңірінен Сарыарқаға жету ешбір қиынға соқпайды. Екі аралықта құрылысы жүріп жатқан «Қызылорда-Жезқазған» жолының Қызылорда облысындағы бөлігінде жол салу ісі мәресіне жақындады.

«Қызылорда-Жезқазған» жолы Сыр өңірі мен Сарыарқаны жалғайды
Фото: Нұрболат Нұржаубай

ҚР Көлік министрлігінің бастамасымен Автомобиль жолдары комитеті мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мамандары және «ҚазАвтоЖол» АҚ компаниясы бірлесіп, БАҚ өкілдеріне «Сапа керуені» баспасөз турын өткізді.

«Қызылорда-Жезқазған» жолы Сыр өңірі мен Сарыарқаны жалғайды
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Сала мамандарының айтуынша, аталған жолдың 192 шақырымға жуық бөлігі Қызылорда облысының аумағында орналасқан. Биылғы жылдың соңына дейін оның 140 шақырымы көлік қозғалысына пайдалануға беріледі. Республикалық «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде үш учаскеде жұмыстар аяқталуға жақындады.

«Қызылорда-Жезқазған» жолы Сыр өңірі мен Сарыарқаны жалғайды
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Еліміздің орталығы мен оңтүстігін жалғайтын төте жол көлік логистикасын жақсартып қоймай, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда маңызы зор. Еуропалық даму және қайта құру банкі арқылы қаржыландырылған жобада мердігерлерге өте жоғары талап қойылған. Осындай талаптар бойынша қызметін жүргізе алатын қазақстандық компаниялар саны артып келеді. Олар ауқымды жобаларға қатысып қана қоймай, халықаралық талаптарға сай жол салуға қауқарлы екенін дәлелдей түсті. Мердігерлердің 4-еуі қытайлық компания, біреуі жергілікті «Қыран» ЖШС. Отандық кәсіпорын алғашқылардың бірі болып жұмысын аяқтағанын ерекше атап өткен жөн.

«Қазір салынған үш учаскедегі жолдың тегістігіне келетін болсақ, зерттеу жұмыстарының қорытындысымен 96-98 балл жүйесімен бағаланып, нормативтік талаптарға сай келетінін көрсетіп отыр. Яғни, бұл өте жақсы деген көрсеткіш», — деп атап өтті «Жол актвитері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.

Алдағы уақытта жол белгісі қойылады. Жол ашылғаннан кейін трасса арқылы күн сайын жүретін көліктер саны 4 мыңнан кем болмайды деген болжам бар. 2024 жылы жылжымалы зертханамен қайта жаңғыртудан өтіп жатқан жолға 1028 рет тексеру жүргізілген. Жол жабындысы мен құрылыс материалдарынан 4,2 мың сынама алынған. Анықталған олқылықтарды мердігерлер өз қаржысы есебінен қайта қалпына келтірілген. 

«Қызылорда-Жезқазған» жолы Сыр өңірі мен Сарыарқаны жалғайды
Фото: Нұрболат Нұржаубай

«Республикалық маңыздағы автожолдың 29 шақырымын біздің команда атқарып шықты. 2022 жылы сәуір айында жұмыс басталды. Қазіргі күні үш қабатты астфальт толық төселді. Жол жолағын сызу, жол белгісін қою, жарықшам орнату толығымен аяқталды. Жол бойында көпшілікке арналған демалыс аймағы салынып жатыр. Жыл аяғына дейін жолды толығымен пайдалануға береміз. Екі жылдан астам уақыт ішінде оған 150-ден астам жұмысшы, 90 техника тартылды. Бес мердігерлер арасында біздің серіктестік жалғыз жергілікті мекеме екенін айта кетейік», — дейді «Қыран» ЖШС-нің жоба жетекшісі Есентай Өмірзақов.

Алдағы уақытта күре жол оңтүстік өңірдегі тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына өз ықпалын тигізеді. Алғашқы кезекте жолаушылар қатынасы жақсарады. Жолды салу барысында бұл аумақта 6 асфальт зауыты құрылды.

Жобаның Ұлытау облысы жағындағы 208 шақырымы бойынша реконструкция келесі жылы басталады. Мердігер мекеме анықталып, 8 учаскеге бөлініп, дайындық жұмысын жүргізіп жатыр. Ұзындығы 400 шақырым болатын жолды салып бітіру мерзімі 2027 жыл деп көрсетілген.

Соңғы жаңалықтар