Қызылордада ағаш өсірудің өз проблемасы бар
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Сырт көз Сыр өңірінде ағаш пен жасыл желек егу қиын деп ұғады. Бұл сөздің жаны бар. Шөл мен шөлейт аймақта қоныс тепкен Қызылорда облысында жасыл желекті жайқалтып қоюға әбден болады. Дегенмен оған арнайы күтім жасалып отырғаны артық емес. Рас, аймақтағы ауа райы құрғақ, топырағы тұзды екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Соған қарамастан өңірде бау-бақшасында жемістің неше түрін егіп, жасыл желектің санын арттырып жүргендер баршылық. Сондықтан «Қызылордада тал өспейді» деген сөздің бекер екенін ұғыну қиынға соға қоймас. Кезінде қала жайында шыққан әннің бірінде «Баулары жайқалған жүзім-алма, бақтары жайқалған гүл толы Қызылорда» деп айтылатын еді.
Суару ісін жүйелеу қажет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің көгалдандыру мәселесіне жете назар аударылуы тиіс екенін атап өтті.
«Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Мен Президент болып сайланған күннен бастап осы мәселеге ерекше мән беріп келемін. Елімізді көгалдандыру жұмысының қарқыны жаман емес», - деп атап өтті.
Президент орман-тоғайды көбейту бүкіл елді жұмылдыратын нағыз халықтық идеяға айналуы керектігіне тоқталды. Сондықтан ел ішінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн.
Тоқсаныншы жылдарға дейін облыста жайқалған ағаштарды көргенде көңіл сүйсінетін. Әрбір ауылға барғанда қалың егілген бау-бақша көзіне түсетін. Кейбір жанашыр азаматтар өз қолымен тал егіп, айтақыр болып жатқан жерлерді жасыл желекке айналдырғанын ұмыта қойған жоқпыз. Өкініштісі, тоқсаныншы жылдарда сол керемет көріністен көз жазып қалдық. Елді мекендердің сәніне айналған бау-бақша орынсыз оталып кетті. Оған ешкім жанашырлық таныта қойған жоқ. Сол олқылықтың орнын әлі күнге дейін толтыра алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Тіпті, еккен талын көгерте алмай жүргендер көп.
Бұл орайда «Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы Бақытжан Дүйсембеков сыр өңіріндегі топырақты құнарландыру мәселесін ерекше атап өтті.
«Өзім туып-өскен Сыр өңірінің табиғатына қатысты мәселелерге жиі назар аударып отырамын. Қазіргі қызметім де соған тікелей қатысты. Сондықтан бұл бағытта біршама зерттеу жүргізіп, көптеген деректі жинақтадық. Сыр топырағы тұзды, құнары төмендеу. Оның құнарын арттыру мәселесіне де назар аударылуы тиіс. Бұрынғы жылдарда мұндай жерлер өңделіп, түрлі іс-шаралар атқарылатын. Оған қоса суару мәселесін ескермесе болмайды. Көп жағдайда осы мәселе ұмыт қалып жатады. Тал еккенімізбен оны суару мәселесі дұрыс жолға қойылмайды. Ең бастысы, алдымен аяқ мәселесін шешіп алған дұрыс. Бұл облыс орталығынан бастап барлық елді мекенге қатысты айтылады», - дейді аталған маман.
Жаз айларында күннің ыстық болуы да тал-теректерге кері әсерін тигізеді. Сол сәттерде тұрақты түрде суарып тұрса жасыл желек жайқала түседі. Есте болатын тағы нәрсе, Қызылорда қаласы аумағында бұрыннан бар және кейінгі жылдары егілген терек, Сыр талы, қарағаштардың өздігінен қурап қалуы сияқты жағдайы кездеседі. Көгалдандыру бағытындағы мәселелер бойынша жасыл екпелердің (қылқан жапырақты, жапырақты ағаштар, бұталар) орман-патологиялық жай-күйіне тұрақты түрде мониторинг жасалуы тиіс. Көктем-жаз кезеңінде жасыл екпелердің зиянды организмдерінің түрін, құрамын анықтап, заманауи биологиялық препараттар мен өсімдіктердің өсуін ынталандырушы құраммен бүрку жұмысын атқарған жөн.
Қандай тал егуге қолайлы?
Жерлестері қызылордалық Болат Нұрқожаевты ерікті түрде көшелерге ағаш отырғызу ісімен жақсы таниды. Оншақты жылдан бері облыс орталығында тал егу мәселесін жүйелеп келеді. Соның арқасында бүгінде Қызылорда қаласының көптеген бөлігінде тал-теректер жайқалып, алыстан менмұндалап көзге түседі. Тіпті өзі небәрі 12 метр жерден 500 көшет алып, оны сұрағандарға таратып берген.
«Облыста жылма-жыл егілетін тал-дарақта есеп жоқ. Былтыр облыс орталығында 5 мың түп тал отырғызылған. Дегенмен олардың көктеп кетуі көңіл көншіте бермейді. Неге? Біріншіден, оны тұрақты түрде суарып отыру кейде ұмыт қалып жатады. Сыр табиғаты өзге өңірлерден бөлектеу. Жерде ылғал аздау. Сондықтан тамырына ылғал келмесе, ол қурап қалатыны белгілі. Бұл орайда ол істі атқарған әрбір азаматтың жанашырлығы қажет. Ал тамшылатып суару және бүркіп суару дегеніңіз мүлдем талға арналмаған. Сол себепті аяқ су келетін арықтар мәселесін шешіп, тал-теректі көктетуге болады ғой. Мәселен, облыс орталығындағы Бейбарыс Сұлтан көшесінде суару жүйесі дұрыс шешілген. Қазір барсаңыз, онда ағаштың өсуі жақсы екенін аңғарамыз. Осыған байланысты мен ағаш егерден бұрын оны суару мәселесін толыққанды шешіп алу қажет деген ұсынысты айтар едім. Тал күтіміне келсек, алдымен, жерді баптау керек. Біз болсақ, бір шелек су сыятындай етіп қазып, көшетті отырғызамыз. Ол дұрыс емес. Өскен кезде де тамыры жайылатындай етіп, қорек ретінде топыраққа көң араластырып, жерді өңдеп барып еккен дұрыс. Қара жерге шыбықты қадай салғанмен шаруа шешілмейді. Қорек болмағасын көшет көбіне өліп қалып жатады», - дейді Болат Нұрқожаев.
Мамандардың айтуынша, Сыр топырағы қарағаш, үйеңкі, жиде, тораңғыл егуге қолайлы. Қылқан жапырақты өсімдіктерді жерсіндіру қиын. Оны тек бағбан күтім жасайтын ғимарат немесе үйдің алдына егуге болады. Су келмеген жерге егудің қажеті жоқ.
Кейінгі жылдарда облыс орталығында жасыл желек мәселесін шешу бағытында нақты істер атқарыла бастады. Осы мақсатта «Жасыл Қызылорда» мекемесі тұсауын кесті. Қазіргі таңда мамандар бұл бағытта тың ізденіс жасап, көркейту-көгалдандыру бағытында тың жобаларды қолға алып отыр.
Бамбук та, банан да өседі
Расын айту керек, Сыр жерінде өз еркімен ағаш өсіріп жүргендер бар. Мәселен, жаңақорғандық бағбан бамбук өсіреді дегенде алғашқыда таңғалдық. Жергілікті бағбан Амантай Сарбасов алғашқыда ол жайында нақты деректер жинақтаған. Жаһандық желіні шарлай отырып көптеген құнды мәліметтерге кезікті. Оны алу жолдарын қарастырды. Таныстары бамбук ағашының көшетін жеткізіп бергенде әуелі қалай болар екен деп ойланып қалғаны рас. Қашанда тәуе¬кел іске білек сыбана кірісетін дағдысымен бұған да назар аударды.
– Алғашқыда өсіп кетуіне күмәнім болғаны рас. Оның себебі де жоқ емес. Негізінен ол тропиктік аймақтарда өседі. Біздің өңірдің климаты, ауа райы, топырағы оған сай келе ме? Күмәнім бекер болып шықты. Бамбук күннен-күнге бойын тіктеп, жасыл желегін жайқалта түсті. Қазір бойының ұзындығы 3 метрге жетті. Суда көбірек тұруы керек. Ол жағы қамысқа ұқсас. Ұзақ жылдан бері бағбандықпен айналысқандықтан, сан ¬алуан өсімдіктерге тәжірибе жасағанды жаным қалайды, Оған ерекше күтім жасаған жоқпын. Өзі бірден-ақ бойын тіктеп кетті. Рас, біздің жеріміздің ауа райы қатал, топырағының да құнары төмен. Кейбір дақылдар мен өсімдіктерге арнайы жағдай жасалуы тиіс, - дейді бағбан.
Ал, Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылында тұратын Ерлан Жаппасбаев жылыжайда экзотикалық жеміс түрі саналатын банан өсіруді қолға алды. Бұл жемісті малдың қиынан алынған биогаз көмегімен жүзеге асырып отыр. Жергілікті кәсіпкер біраз жылдан бері жылыжай шаруашылығын дамытып келеді. Бүгінде жылыжайдан қияр, қызанақ, салат жапырақтарының жайқалып тұрғанын көруге болады. Олардың арасында бананның да бары келушілерді таңғалдырады. Қазір аталған жеміс ағашының биіктігі екі жарым метр болған. Ол 6-7 айда кісі бойындай өседі. Әзірге бұл жеміс ағашынан көшетін сату арқылы пайда тауып отыр.
Облыс төңірегінен шығып, өзге аймаққа бара қалсаң ел-жұрт «Қызылордада ағаш өсе ме?» деп жатады. Көзімен көрмеген соң бұл жақты теп-тегіс тақыр деп ойлайтын стереотип қалыптасып қалған. Негізінде Сыр топырағында талай тал-теректі жайқалта өсіруге болады. Десе де оған арнайы күтім жасалып, аяқ су мәселесін толықтай шешіп алған артық емес.