Қызылордада алимент бойынша борышкерлер букмекерлік кеңселерден табылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласының прокуратурасы алимент бойынша қарызы бар борышкерлердің букмекерлік кеңселерде қыруар қаражатқа бәс тігіп жүргенін анықтады.

Облыстық прокуратураның баспасөөз қызметінің хабарлауынша, биыл 135 борышкер әкімшілік, 4 борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Мысалы, бір борышкердің балаға төленетін алименті бойынша қарызы 5,2 млн теңгені құрағанымен, ол 2 млн теңгеге жуық қаражатты «Олимп» букмекерлік кеңсесінде ұтылғаны белгілі болды.
Аталған борышкерге қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 139-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, ол алимент қарызы толық өтелгенге дейін жәбірленушімен татуласып, ақталмайтын негіздермен қылмыстық іс тоқтатылды.
«Алиментті уақытында және толық көлемде төлеу бұл әр ата-ананың міндеті мен парызы»,- дейді прокурорлар.
Осыған дейін Түркістан облысында алимент төлеуге міндетті 19 мың борышкер бар екені хабарланды.