Қызылордада биыл 30 жылдан астам уақыттан кейін ыстық су берілмек
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласында 30 жылдан астам уақыттан кейін көпқабатты үйдің тұрғындарына ыстық су берілетін болды.

Бұл жөнінде Kazinform агенттігі «Аристондар қаласы: Қызылорда қашан ыстық сумен қамтамасыз етіледі» деген тақырыпта проблемалық материал жариялаған еді.
Мемлекет басшысының қолдауымен алдағы екі жылда көпқабатты үйлерге кезең-кезеңімен ыстық су беріледі.
Қазір облыс орталығында көпқабатты 781 тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
Оның ішінде 174 үйдің ыстық суға қосуға мүмкіндігі бар. Олардың 68-і ыстық су қосуға дайын тұрса, 424-і қаржыландыруды қажет етеді.
Ал 184 үйді қосу мүмкін емес.
Себебі олардың жертөлесі, жылу элеваторы жоқ. Кейбір тұрғын үйлер апатты деп танылған.
«Қаржыландыруды таалап ететін көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық су жүйесіне қосу үшін демеушілік есебінен құны 26,2 млрд теңгені құрайтын 32 жоба әзірленді. Бұл жұмыстар екі кезеңмен жүргізіледі. Алғашқы кезеңде 2024 жылы 187, екінші кезеңде 2025 жылы 237 тұрғын үй қамтылады. Биылғы жылы Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлініп, 187 үй орталықтандырылған ыстық сумен қамту үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Қазір жеңімпаз мердігер мекеме анықталды. Тапсырыс беруші мен мердігер мекемелер арасында келісімшарт жасалуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының мерзімі — 4 ай. Қала әкімдігі тарапынан көпқабатты тұрғын үйдің пәтерлерін орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталған қажетті шараларды қабылдайтын жұмысшы тобы құрылып, алгоритмі бекітілді», — деді Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Еркебай.