Қызылордада білім бөлімінің басшысы лауазымынан босатылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласы прокуратурасының қадағалау актілері негізінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасау фактілерімен лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды. Бұл туралы Қызылорда қаласының прокуратурасы мәлімдеді.

«Қызылорда қаласы білім бөлімінің басшысы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану арқылы 2022-2023жж. аралығында 5 қызметкерді конкурссыз білім беру ұйымдарына педагог ретінде жұмысқа қабылдау туралы заңсыз бұйрық қабылдаған. Сонымен қатар Қызылорда қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасарымен қала аумағында 40 жаяу жүргіншілер проекторларын орнату бойынша орындалмаған жұмыстар қабылданып, 27 млн. қаражат негізсіз аударылған» - делінген хабарламада.
Қадағалау актілерін қарау нәтижесінде білім бөлімінің басшысы лауазымынан босатылса, бөлім басшысының орынбасары «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жауапқа тартылды.