Қызылордада динозаврдың сүйегі табылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары Шах-Шах шатқалынан табылған қалдықтар Бор дәуіріндегі динозаврлардың сүйегі болуы мүмкін екенін айтады. Себебі бұған дейін де бұл маңнан мұндай қалдықтар табылған. Бұл туралы облыстық тарихи-өлкетану музейі жариялады.

Қызылордада динозаврдың сүйегі табылды
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

Облыстық мұражай мен Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері аудан территориясындағы Шах-Шах шатқалына барлау экспедициясын ұйымдастырды.

Кешенде алғаш рет 1959 жылы орыс палеонтологы А.Рождественскийдің жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бозтөбе свитасында орналасқан шатқалдан Мезозой эрасының Бор кезеңінде өмір сүрген динозаврлардың сүйектерінің қалдықтары табылады. 1968 жылы бас сүйегі ғана табылған динозавр «Аралозавр» деген атаумен ғылыми айналымға енеді.

— Палеонтологтардың зерттеу жұмыстары барысында гадрозавр отрядына кіретін Аралозавр 93-86 млн жыл бұрын өмір сүргені анықталады. Кейін бұл аймақ еуропалық палеонтолог-ғалымдардың қызығушылығын тудырып, әлемдік ғылыми журналдарға мақалалар жарияланады, — делінген ақпаратта.

Экспедиция нәтижесінде Шах-Шах шатқалынан Бор дәуірінде өмір сүрген тіршілік иелерінің сүйектерінің қалдықтары табылды. Алдағы уақытта палеонтологиялық бұйымдар арнайы мамандар тарапынан зерттеледі.

Осыған дейін Тәжікстанда 85 миллион жылдық динозаврдың қалдықтары табылған болатын.

Соңғы жаңалықтар