Қызылордада энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тарифтерінен негізсіз шығындар алынып тасталды

Қызылорда облысының энергиямен жабдықтаушы ұйымдары электр энергиясын өндіру және өткізуге қатысы жоқ шығындарды электр энергиясының тарифтеріне қосқан, деп хабарлайды Kazinform.

Қызылорда
Фото: Kazinform

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті электр энергиясына тарифтерді қалыптастыруға талдау жүргізді. Нәтижесінде әлеуметтік нысандарды электрмен қамтамасыз ететін үш кәсіпорынның әкімшілік ғимараты, көлік құралдарын жалға алу және басқа да шығындарды тарифке қосқаны анықталды. 

«Департамент пен Табиғи монополияларды реттеу департаменті қабылдаған шаралар нәтижесінде энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тарифтерінен негізсіз шығындар алынып тасталды. Осылайша Қызылорда қаласы мен облыстың 5 ауданындағы (Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш және Қармақшы) барлық бюджеттік ұйым үшін тариф 18,8%-ға, яғни, кВт/сағ үшін 38,75-тен 31,45 теңгеге дейін төмендеді», - деп мәлім етті Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті. 

Ведомство мәліметінше, жыл сайынғы бюджет қаражатын үнемдеу 380 млн теңгеден асады. 

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысындағы мектептерде сотталған және жалған дипломмен жұмыс істеген адамдар анықталды.