Қызылордада инклюзивті балабақшада сәбиді ұруға қатысты қылмыстық іс қозғалды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордада инклюзивті балабақшада кішкентай баланы ұрған тәрбиеші мен күтушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оған байланысты қалалық білім бөлімі тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілуде.
![зорлық-зомбылық, балабақша зорлық-зомбылық, балабақша](/static/img/plug.webp)
Бұл жайында әлеуметтік желі беттерінде жарияланды. Онда инклюзивті балабақшада тәрбиеші мен күтуші іш киіміне үлкен дәретке шығып қойған баласын ұрып, дәретханаға қамап қойғаны айтылған.
Анасының айтуынша, балаға арнайы диагноз қойылған. Мүгедектікке байланысты арнайы құжаты бар. Сондықтан бала кеш дамып жатыр. Балабақшада тәрбиеші мен күтуші іш киіміне үлкен дәретке шығып қойғанын айтып, оны ұрып, дәретханаға қамап қойған.
— Балам үйге келгеннен кейін жылады. Ойын сөзбен айтып жеткізе алмай қиналды. Кейіннен балабақашаға барып, бейнекамераны қарағанда не болғанын түсіндім, — дейді ол.
Бұл жөнінде Қызылорда облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.
— Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оның ішінде полиция тәркіленген бейне материалдарды зерттеуде. Облыстық білім басқармасына тиісті ұсыныс енгізілді. Ювеналды полиция қызметкерлері алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды жалғастыруда, — деп атап өтті департаменттен.
Ал қалалық білім бөлімі аталған мәселе назарына алынғанын, тиісті жұмыстар жүретінін жеткізді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада есірткі зертханасын жасаған 52 жастағы Қызылорда тұрғыны 12 жылға сотталды.