Қызылордада қаланың бірқатар бөлігі жарықсыз қалды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордада трансформатордың жануы салдарынан қаланың бірқатар бөлігі жарықсыз қалып, ол біршама уақыттан кейін қалпына келтірілді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға 3 желтоқсанда сағат 14:24-те Қызылорда қаласы «Сол жағалау» шағын ауданындағы «Жаңа» қосалқы станциясының аумағында болды. Онда трансформатордың жануы тіркеліп, өрт сағат 14:56-да жойылды.
— Оқиға барысында қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда. Оқиға орнында облыстық төтенше жағдайлар департаментінен жеке құрамнан 30 қызметкер 5 техникамен жұмыс жасады. Сағат 19:23-те КРЭК АҚ қызметкерлері жөндеу-қалпына келтіру жұмысын аяқтады, — деп атап өтті департаменттен.
Сол уақытта сол жағалаудағы барлық көп қабатты тұрғын үй, кәсіптік нысандар, оқу орындары мен жатақхана, құрылыс нысандарында жарық өшірілген.
— Оған қоса «Мұз айдыны» аумағы, Сейхун, Демесінов, Отырар, Мамыр, Баянауыл, Бағланова, Ажаров көшелерінде және «Арай» мөлтек ауданындағы, Назарбаев, Абай даңғылдары бойындағы бірқатар көп қабатты тұрғын үйлерде электр жарығы өшірілген. Кейіннен ақау қалпына келтіріліп, жарық қайта берілді, — деп мәлім етті өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада құтқарушылар аяғына айыр кіріп кеткен 7 жасар баланы құтқарды.