Қызылордада картоп өнімі бойынша тапшылық жоқ
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында картоп бағасының өсуі байқалып отыр. Кейбір сауда дүкендерінде оның бағасы 400 теңгеге дейін жетті.

Облыста базардағы баға 380 теңгеге жетсе, «Магнум», «Анвар» супермаркеттерінде ол 400 теңгені құрады.
Супермаркет өкілдерінің айтуынша, филиал болғандықтан орталық офистен жол шығынымен жеткізіледі.
Облыстық ауыл шаруашылыңы және жер қатынастары басқармасының хабарлауынша, әкімдік тарапынан облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қоры қалыптастырылған. Өнімнің қоры сақталуда.
Қазір тұрақтандыру қорында жалпы көлемі 1 000 тоннаға жуық картоп өнімі бар. Бұл өнімдер қаланың барлық бөлігінде орналасқан 35 әлеуметтік дүкен желісінде 143 теңгеден еркін түрде ешқандай шектеусіз босатылып жатыр.
Сондай-ақ тұрақтандыру қоры арқылы өзара әріптестік негізде жұмыс істейтін 9 ірі сауда үйі мен үй маңындағы 16 дүкен арқылы тиісті сауда үстемесімен 158 теңгеден босатылуда.
- Биыл жергілікті өндірушілерден форвардтық негізде және өзге де өңірлердің өндірушілерден 4 018 тонна картоп сатып алу жөнінде келісімшарт жасалған. Аталған өнімдер қажеттілігіне қарай тұрақтандыру қорының қоймасына жеткізілуде. Сауда орындарында негізсіз қымбаттау, тапшылықты болдырмау үшін тиісті органдармен қажетті шаралар қабылданған, - деп мәлім етті басқармадан.
Еске салсақ, бұдан бұрын Түркістанда картоп 100 теңгеден сатылып жатыр.