Қызылордада кезінде Мұстафа Шоқай білім алған училище орналасқан ғимарат бар

Мұстафа Шоқай оқыған училище
Фото: Қызылорда облыстық мәдениет басқармасы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласында 1878 жылы күйдірілген кірпіштен салынған ғимарат әлі күнге дейін халыққа қызмет көрсетіп келеді. Кезінде аталған ғимаратта орналасқан Перовск училищесінде қазақтың белгілі тұлғасы Мұстафа Шоқай 1899-1902 жылдары аралығында білім алған.

Бұл ғимарат инженер, генерал Брюноның жобасы бойынша негізі қаланған. Аталған орын 1878 жылы әскерилердің балаларына арналған училище ретінде салынған. Шіркеу жанындағы барактарда офицерлер мен солдаттардың отбасы тұрған. Сондықтан оқу орны жақын жерге, яғни шіркеуге қарама-қарсы қоныс тепкен. Одан кейінгі жылдарда қыздар приход училище, аудармашылыққа дайындайтын түземдік мектеп болған.

Кейіннен мұнда Перовск орыс-қазақ училищесі, 1925-1929 жылдары Қызылорда астана болған жылдары ең алғаш республикадағы баспахана осы ғимаратта орналасқан. Яғни, онда «Еңбекші Қазақ» («Егемен Қазақстан») және «Советская степь» («Казахстанская правда») газеттері орналасты. Кейінгі жылдары бұл ғимаратта аяқ киім фабрикасы орналасқан.

Ал тоқсаныншы жылдары жекешелендіру уақытында жекеменшік қолға өтіп, сауда дүкеніне айналды. Қазіргі уақытта ғимарат мемлекет қорғауына алынған жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші болып табылады. Сонымен қатар, ғимарат қабырғасына 2017 жылы «Мұстафа Шоқай 1899-1902 жылдары аралығында осы Перовск училищесі ғимаратында оқыды» делінген тақта орнатылды.

Ғимарат Қызылорда қаласының құрылуындағы ең алғашқы сәулет өнерінің үлгісі болып табылады. Іргетасы бетон. Төбесі шатырланған. Ғимарат қасбеті ою-өрнектен өрілген. Алдыңғы қасбетінің орталық бөлігінде «1878 г» деген жазу бар. Бір қабатты күйдірілген кірпіштен салынған ғимарат жоспары бойынша формасы «Г» түрдес. Едені бетоннан және плитадан.

Соңғы жаңалықтар
telegram