Қызылордада қоқыс өңдеу мәселесі қалай шешіледі
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында қатты тұрмыстық қалдықтардың небәрі 30,1 пайызы өңделеді. Kazinfiorm тілшісі аталған тақырыпта зерттеу жүргізіп көрді.

Жаңа жобалар түйткілді шешеді
Қызылорда облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 3 нысаналы индикатор аясында тиісті іс-шара атқарылып жатыр.
Былтыр 303 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдықтың 91 мың тоннасы өңделген. Бұл — бүкіл тұрмыстық қалдықтың 30,1 пайызы.

— Облыс бойынша қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және өңдеу саласында 17 кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасайды. Сол арқылы тұрмыстық қалдықтар бөлек жиналып, сұрыпталып және қайта өңдеуге қол жетті. Нәтижесінде көмілетін қалдықтар көлемі қысқарды. Атап айтқанда, Жалағаш ауданында картон қалдықтары мен макулатурадан эковата шығару ісі жолға қойылды. Облыс орталығының іргесінде орналасқан Тасбөгет кентінде макулатура, картон, пластмасса, пластик қалдықтарын қабылдайтын «Қарасақал» жеке кәсіпкерлігі жұмыс жүргізіп келеді. Ал «Абай-Дәулет» ЖШС пластик бөтелкелерін сұрыптап, жинақтауға мән бере бастады. Өңірде «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды қаржыландыруына назар аударылды. Бұл бағытта барлығы 9 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласына бағытталған, — дейді Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Серік Сермағамбетов.

Оның айтуынша, жоба құны — 42,5 млрд теңге. Аталған жобалар Қызылорда қаласы мен барлық ауданды қамтиды
Тиісті инвесторлар анықталған. Қаржыландыру мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-на өтінім жолданды.
Қазір аталған жобалар сараптамадан өткізіліп жатыр. Осының нәтижесінде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу деңгейі 50-60 пайызға дейін жетеді деп жоспарланып отыр.

Оң тәжірибені үйренген дұрыс
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, географ-эколог Оразхан Айдаров тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында әлі де дамыған елдерден үйренетініміз көп екенін айтады.
Бұл мәселе әлемнің барлық мемлекетінде кездеседі. Олардың әрбірі шешу жолын іздеп келеді. Оң нәтижеге қол жеткізіп жүргені де бар. Сондықтан ғалым оң тәжірибені үйрену қажеттігін тілге тиек етеді.
— Несін жасырайық, кезінде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі түйткілді тақырыпқа айналған еді. Тіпті бұл бағытта ешқандай жобаның жүзеге аспауы қоқыстың ашық далада шашылып жатуына алып келді. Кейінгі жылдары елімізде ол үшін тың жобалардың қолға алынуы қуантады. Нәтижесінде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі дұрыс жолға қойыла бастады. Әлемнің кейбір елдерінде ол түбегейлі шешілген деуге болады. Әсіресе, осы мақсатта Германия, Жапония, Швеция, Аустрия және өзге де өркениетті елдерде тың жобалар жүзеге аса бастады. Мәселен, Германияның Ганновер қаласында қоқыстарды жағып, одан электр энергиясын өндіріп отыр. Ал Аустрияда жергілікті халық қоқыс жағатын кәсіпорын қасынан тұрғын үй алуға тырысады. Өйткені, олар жеңілдетілген негізде жылу мен электр энергиясына қол жеткізе алады. Енді бұл мәселе бізде қалай шешіліп отыр деген сауалға ойысайық. Қазір облыста картон қалдықтары мен макулатураны, пластик заттарды өңдеуге назар аударылып отыр. Менің ойымша, бізге әлі де бұл бағытта тың бастамаларды қолға алған дұрыс, — дейді ол.

Оның айтуынша, жергілікті тұрғындардың да тұрмыстық қалдықтарды жинау мәселесіне немқұрайлы қарамау қажет. Ол азаматтардың тұрмыс мәдениетін көрсетеді.
Субсидия төлеу ақсап тұр
Қызылордалық Ғибрат Байсейітов 2019 жылы макулатура және картон өнімідерін өңдеумен айналысатын «Қызылорда қағазы» ЖШС-нің құрылуына ұйытқы болды.
Дегенмен арада екі жылдай өткенде жұмысын тоқтатты. Өңделген өнімге берілетін субсидияның төмен болуы жұмыстың ойдағыдай жүруіне кедергісін келтірген.
— Шешілмеген түйткілді мәселелер бар. Мәселен, біздің серіктестікке 1 келі тұрмыстық қалдықты өңдегені үшін мемлекеттен небәрі 3 теңге субсидия төленді. Бізде жұмыс барысында қаншама шығын кетеді. Оған газ пайдаланамыз, жарық, су жұмсаймыз. Төленген субсидия оны жабуға да жетпейді. Серіктестікте қаншама адам еңбек етеді. Оларға жалақы төлеуің керек. Ал оны жеткізіп беруші мекемеге субсидияға 30 теңге қарастырылған. Оған қоса бізге жеткізіп бергені үшін қосымша 50-60 теңге көлемінде тағы ақша алады. Олардың шығыны біздікінен әлдеқайда аз. Менің ойымша, осы жағын дұрыс ойластырса деймін. Соның салдарынан жұмысымды уақытша доғара тұруыма тура келді. Менің ойымша, мемлекет тарапынан бұл бағытта кәсіпкерлердің қызығушылығын арттыруға мән бергені жөн. Сонда мәселе оң шешімін табады, — деді Ғибрат Байсейітов.

Қалай десек те бұл мәселе селсоқ қарауға болмайды. Өйткені, әрбір қала, елді мекеннің тазалығы — мәдениеттің өлшемі. Тіпті оны өңдеу арқылы қыруар пайда табуға мүмкіндік туып отыр.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада егілген ағаш қурап кетпес үшін не істеу керек екенін жазған едік.