Қызылордада қысқа қажетті көмірдің 15%-ы дайын
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында 1 079 әлеуметтік нысан бар. Бүгінде соның 98%-ы алдағы жылу беру маусымына дайын.
Облыстық энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірдің әзірлік деңгейі — 90%.
— Жылу беру маусымында көмір пайдаланатын ауылдар әлі бар. Биыл облысқа 111 мың тонна көмір қажет. Қатты отынды тұтынушыларға кедергісіз жеткізу мақсатында операторлармен келісімшарт жасалды. Бүгінде көмір қорының 15%-ы жасақталды, жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, — деді басқарма басшысының орынбасары Тахир Нәдірбек.
Өткен жылы Қызылорда қаласында бой көтерген жаңа жылу станциясы алдағы жылу беру маусымында Қызылорда қаласының солтүстік бөлігін жылумен қамтамасыз етпек.
Қызылорда жылу электр орталығының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі жылу жүйелерінің 40%-ы тозған.
— Өткен жылу маусымы аяқталғаннан кейін оңтүстік жылу қазандығы мен ТК-44 жылу торабы аралығындағы магистралды жылу желілері 950°С температурада тексерілген. Ешқандай ақау анықталған жоқ. Сонымен қатар қала аумағындағы барлық жылу желісі жоғары қысымды гидравликалық сынақтан өтті. Сынақ нәтижесінде жылу желілерінде 42 ақау анықталып, толық жойылды, — деді кәсіпорын директоры Бақытжан Молдиманов.
Еске салайық, бұған дейін елімізде жаңа жылу маусымына дайындық жұмыстары қазір қарқынды жүріп жатқаны туралы жазғанбыз. 2026 жылы электр станцияларында тоғыз энергоблокқа, 55 қазандық пен 51 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.