Қызылордада көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, екі адамды күйік шалды

Қызылордада көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, екі адамды күйік шалды
Фото: Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті

Қызылорда қаласында жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйден өрт  шығып, екі адамды күйік шалды. Олар ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Kazinform. 

Оқиға, бүгін 12 желтоқсанда сағат 11.00-де Қызылорда қаласындағы Желтоқсан көшесі бойында салынып жатқан жеті қабатты «Мерей» тұрғын үй кешенінің екінші қабатында болған. Сыйымдылығы 50 литр газ баллоны жылытқышының газ-ауа қоспасының жылыстауы салдарынан пластикалық терезелер, 22 газ жылытқышы және электр сымы өртенген.

«Өрттің жалпы ауданы – 48 шаршы метр. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары автосаты көмегімен 8 адам құтқарды. Өрт сағат 12.00-де оқшауланып, сағат 12.08-де толық сөндірілді. Оқиға орнында күйік шалған 1969 және 1970 жылғы жұмысшылар ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер 1970 жылы туған азаматты денсаулығының жақсаруына орай үйіне жіберді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен.

Ведомство мәліметінше, оқиға орнында Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, Апаттар медицинасы орталығының филиалы, Полиция департаменті, жедел медициналық жәрдем бригадасы, Қызылорда электр торабын тарату мекемесінің мамандары жұмыс істеген.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада кәріз құдығына құлап кеткен баланың мәйіті сыртқа шығарылды.

Соңғы жаңалықтар
telegram