Қызылордада күрішке берілетін су көлемі бақылауда
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордалық диқандар 70 мың гектар жерге Сыр салысын егу жұмысын маусым айына дейін аяқтайды.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру туралы Президент тапсырмасына сәйкес биыл күріштің көлемі өткен жылғыдан 10 мың 900 гектарға қысқарды. Оның орнын суды аз қажет ететін дақылдар, әсіресе, жүгері басады.
— Бүгінде диқандар ерте егілетін дақылдарды егіп болды. Қазіргі күні басқа түрлерін егіп жатыр. Күріштің 49 мың 502 гектары егіліп, 41 мың 360 гектары суға бастырылды. Су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі екі есе артып, 16 мың 700 гектарға дейін жеткізіледі. Қазіргі күні жоспарланған көлемнің 82,2%-ы орындалды. Егін шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу бағытында өңірімізде құны 122 млрд теңгеге 4 ірі жоба іске асырылып жатыр, — деді басқарма басшысының орынбасары Дәулетбек Әбдірасулов.
Магистралды және шаруашылықаралық каналдарға су берілуі, ауыспалы егіс тәртібінің сақталуы, егілетін күріш көлемінің белгіленген көлемнен аспауы жұмыс топтарының бақылауында. Ол үшін Сырдария өзеніндегі су шаруашылығының әр күнгі ахуалын су мамандары қалт жібермей қадағалап отыр.
— Бүгінгі күні Шардара су қоймасындағы су көлемі — 5 002 млн текше метр, төменге секундына тасталып жатқан су көлемі — 200 текше метр. Көксарай су реттегішіндегі су көлемі — 813,63 млн текше метр, төменге секундына тасталып жатқан су көлемі — 350 текше метр. Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінен Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 550 текше метр су тасталса, Қызылорда облысының шекарасына Көктөбе су бекеті арқылы секундына 538 текше метр су келіп жатыр. Қызылорда су торабынан өзеннің төменгі ағысына секундына жіберілген су көлемі — 122 текше метр. Арал теңізіне секундына 48 текше метр су түсіп жатыр. Жыл басынан бері секундына түскен су мөлшері — 780 млн текше метр, — деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов.
Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жұмыс кестесі бақылауға алынған. Жергілікті атқарушы органдар және су шаруашылығы ұйымдары Сырдария өзеніндегі жағдайды қадағалап отыр.
Еске салайық, Қызылорда облысында қазіргі таңда 49 857 гектар жерге күріш дәні себіліп, 41 657 гектар егістікке су жіберілді.