Қызылордада прокурорлар жасанды интеллекті арқылы 151 қылмыс дерегін ашты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында прокурорлар жасанды интеллекті арқылы 151 қылмыс дерегін ашып, 62 қылмыскер ұсталды.
Облыс прокуратурасы алаяқтыққа қарсы күресте жасанды интеллекті пайдаланып келеді. Бұл бағытта «IT ТERGEU» жобасын әзірледі. Ол жасанды интеллекттің мүмкіндігін сот-тергеу тәжірибесінде тиімді қолдануға бағытталған.
- Жоба үшін облыстық бюджеттен 85 млн теңге бөлініп, ақпараттық-талдау бағдарламалары сатып алынды. Олардың көмегімен 749 қылмыстық іс бойынша 1074 ұялы телефон нөмірлері тексерілді. Нәтижесінде 151 қылмыс дерегі ашылып, 62 қылмыскер ұсталды. Сондай-ақ, 2 кибер қылмыстық топ, 52 дроппер мен хабар-ошарсыз кеткен 91 адам табылды. Интернет алаяқтық бойынша 264 қылмыстық істің 78-і сотқа жолданып, көрсеткіш 29%-ға артты. Банктер мен микроқаржы ұйымдарына қатысты 52 істің күмәнді есепшот транзакцияларын тоқтату үшін антифрод орталығына сұраныс жолданды, - деп мәлім етті Қызылорда облыстық прокуратурасынан.
Өңірде профилактикалық жұмыстар аясында қаржы институттары өкілдерімен бірнеше ресми кездесу өткізілді. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 200-бабына сәйкес 25 ұсыныс енгізілді.
Еске салсақ, Қызылорда облысында прокуратура инвесторды негізсіз салынған айыппұл төлеуден босатты.