Қызылордада шала туған нәрестелерді күтуге 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында 357 нәресте мерзімінен бұрын дүниеге келген.

елімізде алғаш рет шала туған балаларға тиімді жоба іске аспақ 
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Олардың қатарында қыркүйек айында Айгерім Есболованың отбасында өмірге келген егіз қыздар да бар. Бүгінде көпбалалы ана бес баланы тәрбиелеп отыр.

Шақалақтардың туған кездегі салмағы небәрі 920 және 970 грамм болған.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі, тәулік бойғы бақылауы мен қажетті емнің арқасында сәбилер біртіндеп салмақ қосып жатыр.

— Қыздарымның біреуі әлі де жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында. Оған миына қан құйылуына байланысты ота жасалды. Екінші сәбиім қазір жанымда. Екеуі де салмақ қосып, жағдайы жақсарып келеді, — дейді Айгерім Есболова.

Шала туған нәрестелерді дүниеге келген сәтінен бастап стационардан шыққанға дейін күтіп-баптаудың барлық кезеңі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Жаңа туған нәрестенің дене салмағына қарай медициналық көмек көрсетуге 2 млн-нан 4 млн теңгеге дейін қаражат бөлінеді.

— Әсіресе, салмағы бір килограмнан төмен нәрестелерді күтіп-баптау өте күрделі. Мұндай сәбилер стационарда төрт айға дейін жатқан уақытта тұрақты медициналық бақылау мен арнайы емге зәру. Биыл облыстық перинаталдық орталыққа нәрестелерге медициналық көмек көрсету және күту мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатынан 1 млрд 960 млн теңгеден астам қаржы бөлінді, — деді қордың Қызылорда облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Айгүл Аханова.

Еске салайық, бүгін Құрылтайдағы Үкімет сағатында балаларды туған сәтінен бастап фотосуреті арқылы сәйкестендіру тетігін енгізу мәселесі көтерілді.