Қызылордада шаштаразда шыққан өрттен 40 адам эвакуацияланды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласында шаштаразда шыққан өрттен көп қабатты үйдегі 40 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 11-і бала.
18 ақпанда Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментіне бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан шаштаразында өрт шыққаны жөнінде хабарлама келіп түскен.
«Төтенше жағдайлар департаменті күшімен баспалдақ арқылы 40 адам эвакуацияланды, оның ішінде 11 бала. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің 28 қызметкері 9 бірлік техникасымен жұмылдырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында жолда қалып қойған 4 мың жолаушыға көмек көрсетілді.