Қызылордада су айдындарындағы кезекшілік 15 қыркүйекке дейін жалғасады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында шомылу маусымы аяқталды. Биыл ол 1 маусым мен 31 тамыз аралығына белгіленген болатын.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, күн жылы болғандықтан суға түсіп жүргендер әлі бар.
– Тұрғындар су айдындарына барып, балық аулауды және демалуды жалғастырып жүр. Осыған байланысты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында 1 қыркүйектен 15 қыркүйекке дейін су айдындарында күнделікті кезекшілік ұйымдастырылады. Кезекшілік күн сайын сағат 12:00-ден 19:00-ге дейін жүргізіледі, – деді департаменттің басқарма бастығы Жандос Досымов.
Бүгінде облыс аумағындағы 9 коммуналдық жағажай, 32 демалыс орны, 5 спорт кешені және 9 балаларды сауықтыру лагері жұмысын тоқтатты. Осы орайда құтқарушылар азаматтарды тыйым салынған және арнайы жабдықталмаған жерлерде суға түспеуге шақырды. Жыл басынан бері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 35 адамға хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбе облысында ауылдық округ әкімдерінің су айдындары мен өзендерге тыйым салу белгісін орнатпағаны анықталды.