Қызылордада ток соғып көз жұмған баланың отбасы әділдік сұрайды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласында бес ай бұрын дүкен жанындағы мұздатқыштың электр тогына түсіп, баласы қайтыс болған Ерубаевтар отбасы құқық қорғау органдарынан әділ шешім шығаруды сұрайды.

Қызылордада ток соғып көз жұмған баланың отбасы әділдік сұрайды
Фото: Әділжан Үмбет/Kazinform

Оқыс оқиға 2024 жылдың 19 тамызында болған. Сол күні кешке таман балалармен жасырынбақ ойнап жүрген 11 жастағы Данияр дүкен жанында тұрған мұздатқыштың қасына тығылып қалуға әрекеттенеді. Ол уақытта мұздатқыштың айналасында ешқандай қоршау болмаған.

- Оқиға болған кезде бұл жерде қамыс өсіп тұрған. Мұздатқыштан судың тамшылап тұрғанынан жер балшық болған. Балшықтан баланың аяғы тайғанап, мұздатқыштың сымын ұстап қалған секілді. Артынан келген балалар оның құлап жатқанын көрген. Содан кейін дереу мені шақыртты. Данияр бес күн бойы балалар ауруханасында жан сақтау бөлімінде жатты. Есін білмеген күйі бес күннен кейін көз жұмды. Дәрігерлер баланың токқа түскенін растады. Оны сол қолымен ұстап алғанын жеткізді. Оқиғаның болғанына бес айға жуықтады. Әзірге қылмыстық істің жылжитын түрі жоқ. Тіпті, ол сотқа жетпестен қысқарып кете ме деген қаупіміз де жоқ емес. Бұл істің әділ шешілгенін талап етеміз, - деді Жанар Ләпбаева.

Баланың әкесі Рустам Ерубаев сол оқиғадан кейін де дүкеннің әлі жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Оған ешкім шектеу жасамаған. Оқиғадан кейін дүкен иесі мұздатқыштың айналасына жұқа тор сыммен қоршау жүргізген. 

Қызылордада ток соғып көз жұмған баланың отбасы әділдік сұрайды
Фото: Әділжан Үмбет/Kazinform

- Өзіңіз көріп тұрғандай, бұл сымның өзі адам қауіпсіздігіне ешқандай жауап бере алмайды. Негізінде дүкеннің айналасына арнайы қоршау жасалып, адамдардың қауіпсіздігіне маңыз берілуі қажет деп ойлаймын. Бұған қатысты заңгер мамандардан кеңес алған едік. Олардың барлығы мұздатқышқа арнайы қоршау жасалуы қажеттігіне назар аударды. Дүкен иесі алдымызға кешірім сұрап келген де жоқ. Мен полицейлердің бұған қатысты жұмысына қанағаттанбаймын. Баламның ісі 27 желтоқсанда жабылып, ол 30-ы күні қайтадан ашылған. Әрине, бізде қазір адвокат жалдауға қаржы тапшы болып тұр. Десе де бұл істі аяқсыз қалдырмаймын, - деді ол.

Облыстық полиция департаменті бұған қатысты қылмыстық істі тергеу әлі де жалғасып жатқанын атап өтті. Ол бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің меггілсіз өлім дерегі бойынша іс қозғалып, қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс бойынша тиісті сараптама тағайындалған. Одан бөлек қылмыстық іс бойынша тиісті органдарға сұраныс хат жолданып, олардың тарапынан тиісті жауаптар алынып жатыр.

Еске салсақ, бұдан бұрын қызылордалық полицейлер тұрғын үйден 6 млн теңгені ұрлап кеткен күдіктіні ұстады.

Соңғы жаңалықтар