Қызылордада тұрғын үйге қарақшылық шабуыл жасап, екі адамды ауыр жарақаттаған күдікті сотталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында тұрғын үйге қарақшылық шабуыл жасап, екі адамға ауыр жарақат салған күдіктіге қатысты сот үкімі шықты.

БҚО-да анасын өлтірген жасөспірім 9 жылға сотталды
Фото: freepik.com

Бұл қылмыстық іс Шиелі аудандық сотында қаралды. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 3-бөлігінің 4) тармағында (тұрғын үйге заңсыз кірумен жасалған қарақшылық) көзделген қылмыстық іс қаралды.

«Сотталушы бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін екі рет бас бостандығынан айырылған. Солай бола тұра сотталған ҚР Қылмыстық кодексінің 14-бабы 2-бөлігінің 1 тармағында көзделген ауыр қылмысты қайталаған. Ол жәбірленушінің үйіне асхана бөлмесіндегі терезесін күштеп ашу арқылы кірген. Содан кейін жатын бөлмеде ұйықтап жатқан жәбірленушіге пышақ салып, бетін жастықпен жауып тұншықтырған. Жәбірленушіні ұрып-соғып, оның денесіне бірнеше мәрте пышақ жарақатын салған. Жәбірленушінің айқайлаған дауысын естіп келген анасының кеуде тұсына да бірнеше мәрте дәл осындай қылмыстық әрекетін жүзеге асырған. Одан кейін жәбірленушілерге тиесілі әшекей бұйымдары, ұялы телефон, алтын сырғасын алып, оқиға болған жерден бой тасалаған», - деп мәлім етті Шиелі аудандық сотынан.

Шиелі аудандық сотының үкімімен сотталушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 192-бабы 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкімімен ол 11 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған. Оған жазаны өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесі белгіленген.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында биыл бейнекамералардың көмегімен 122 қылмыс ашылды.

Соңғы жаңалықтар