Қызылордада үстеме жұмыс істеген 82 қызметшінің құқығы қалпына келтірілді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Қызылорда облысында мемлекеттік қызмет саласында 29 тексеру жүргізілді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті оның 6-ын жоспарға сай, ал 23-ін жоспардан тыс ұйымдастырды.
— Нәтижесінде 563 заң бұзу дерегі анықталып, мемлекеттік органдарға кемшіліктерді жою туралы 11 ұсыныс берілді. Ұсыныстар толық орындалды. Жұмыс уақыты режимінің бұзылу жағдайларының алдын алу мақсатында 54 мониторинг жүргізіліп, 82 үстеме жұмыс істеу дерегі анықталды. Департаменттің хаты негізінде 82 қызметшінің құқығы қалпына келтіріліп, оларға 145 демалыс сағаты берілді, — деді департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Меңдалиев.
Бақылау нәтижесінде 3 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 2-і әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 89-бабының 1-бөлігімен ескерту алды, 1 қызметшіге 154-бабының 1-бөлігімен 605 500 теңге айыппұл салынды.
Еске салсақ, Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды.