Қызылордада жалған құжатпен балық экспорттағандар 2 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚМА Қызылорда облысы бойынша департаменті көлік прокуратурасының үйлестіруімен «СПК Қызылорда Балық» ЖШС басшылығына қатысты тергеуді аяқтады. 

Қызылордада жалған құжаттармен балық экспорттағандар 2 жылға сотталды
Фото: Pixabay.com

2022 жылы аталған кәсіпорынның лауазымды тұлғалары кеден органдарына жалған мәліметтер ұсынып, құны 254 миллион теңге болатын жалпы салмағы 75 тоннадан асатын көксерке етін Еуропалық одақ елдеріне заңсыз экспорттаған.

Балық өнімдерінің заңды шығу тегін көрсету мақсатында кәсіпорын шын мәнінде балық өсіру немесе ұстау жағдайлары болмаған өзімен байланысы бар тұлғалар мен шаруашылықтардан балық сатып алынғаны жөнінде жалған құжаттар ресімдеген.

Тексеру барысында бұл шаруашылықтардағы су айдындарының толықтай кеуіп қалғаны, ал құжаттарда көрсетілген жүк көліктерінің тасымалдау қызметін іс жүзінде атқармағаны және тоңазытқыш жабдықтармен қамтамасыз етілмегені анықталды.

Сонымен қатар, тергеу барысында жалған шот-фактуралар жазылғаны және балық өнімдерін тасымалдауға заңсыз ветеринарлық анықтамалар берілгені дәлелденді.

Сот үкімімен кәсіпорынның құрылтайшысы А. Ерхатов және директоры Л. Қайыпназарова кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Мемлекет пайдасына 254 млн теңге көлеміндегі заңсыз табыс өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

Айта кетелік Қарағанды облысында 900 келіден астам есірткі тәркіленді

Соңғы жаңалықтар